Таң-тамаша

«Ұялы телефон» деген тіркестегі «ұя» ненің ұясы?

Бүгінгі таңда ұялы телефон өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналды. Ал қалтамыздан бір мезет те тастамайтын сол телефонымыздың атауын білгенімізбен ол атаудың қайдан, қалай шыққанын бір сәт ойлап көрдік пе?

«Ұялы телефон» тіркесіндегі «ұя» сөзі телефон сигналдарын тарататын антенналардың орналасуына тікелей байланысты. Қалай дейсіз ғой?

Ұялы телефон байланысы жоғары жиілікті электромагниттік толқын көмегімен тарайды. Дегенмен, белгілі бір аймаққа бұл толқынды бір-ақ антенна көмегімен тарату мүмкін емес. Себебі ұялы телефон мен антенна арасы алыстаған сайын, толқынның қуаты азайып, сигнал әлсірей түседі. Сондықтан елді мекеннің аумағына сай бірнеше, тіпті ондаған толқын тарататын мұнараларды орнатуға тура келеді. Енді, “бұл мұнараларды бір-бірінен қандай қашықтықта орналастырған тиімді?” деген сұрақ туындайды.

Байланыс мамандары сигнал мұнараларын төртбұрышты аумақтың дәл ортасына орналастырады, болмаса шеңбердің ортасына да қояды. Бірақ, ең тиімдісі алтыбұрышты аумақтың ортасына орнату болып шыққан екен. Сондықтан, осы үлгі кең қолданысқа ие болды. Мысалы, суретте көрсетілгендей, белгілі бір елдімекен бірнеше алтыбұрышты аумақтарға бөлінеді де әрбір алтыбұрыштың ортасына бір сигнал мұнарасы орнатылады.

Әр бір сигнал мұнарасы бір “ұяға” қызмет етеді

Қарапайым халықтың көзіне бұл мұнаралар мен алтыбұрышты ұяшықтар көрінбегенмен байланыс мамандарының көз алдындағы сызбада немесе санасындағы тұжырымда алтыбұрышты аумақтар араның ұясындай менмұндалап тұрады. Сонысы үшін сымсыз телефон байланысы «ұялы байланыс» деп аталады. Сәйкесінше, осы байланысқа сүйенетін телефондарымыз «ұялы телефон» болып аталып кетті.

Дайындаған – Б. Әліпбай.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button