Таң-тамаша

Иттің жасын қалай есептейміз?

Бұрындары халық арасында иттің жасын адам жасымен салыстыра есептеу үшін оның өмір сүрген жылын 7-ге көбейту керек деген пікір қалыптасқан еді.  Дегенмен ғалымдар бұл жаңсақ пікір деп отыр. Иттің шынайы биологиялық жасын есептеу жоғарыдағы формуладан әлде қайда күрделі екен.

АҚШ ғалымдарының зерттеуінше иттердің биологиялық тұрғыда өсіп жетілуі адамдармен салыстырғанда мүлдем басқаша болады. Яғни иттер жас кезінде жылдам жетіледі де есейгеннен кейін өсуі едәуір баяулап қалады екен. Мысалы, иттер туылғаннан кейін 8 аптаға дейін адам баласының 9 айлық нәрестесіндей өседі екен. Ал 1 жылға жеткенде иттің биологиялық жасы 31 жастағы адамның жасымен бірдей болады. 4 жылда олар 53 жастағы адаммен теңеседі екен.

Ғалымдар иттердің бұндай өсу ерекшелігін генетикада болатын өзгерістермен түсіндіріп отыр. Сүтқоректілерде «метил топтары» деген бөлшектер жануарлардың геномында қосылып қайта ажырап отырады. Осы барыста олар біртіндеп қартаяды. Ғалымдар иттерде болатын «метил топтарының» адамдардікімен салыстырғанда көп өзгеше екенін байқаған. Яғни жас кезінде иттерде «метил топтары» белсенді болса, жасы үлкейе  келе олардың белсенділігі бәсеңдейді екен.

Осы «метил топтарының» әрекетіне қарай ғалымдар иттердің биологиялық жасын есептеу үшін арнайы жаңа формула ұсынып отыр. Яғни иттің жасын білу үшін оның өмір сүрген жылын 16-ға көбейтіп, содан кейін тағы 31 санын қосасыз. Сонда сіз итіңіздің қазір қанша жаста екенін біле аласыз.

Өз итіңіздің жасын есептеп көрдіңіз бе? Қаншада екен?

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button