ITЖаңалықтар

«StarLink» спутниктері 3%-ға жарамсыз болып шықты

Илон Масктың «StarLink» жобасы жер бетіне жақын орбитаға 12 000 спутник орналастыру арқылы әлемге жоғары жылдамдықты сымсыз интернет таратуды мақсат етеді. Алайда соңғы сынақтарға қарағанда қазірге дейін ұшырылған 800-ге жуық спутниктердің 3 пайызының иондық қозғалтқышы жарамсыз болып шыққан.

Иондық қозғалтқыш спутниктердің жер бетіндегі меңгеру станциясының бұйрығымен спутниктерді орбитасынан жылжыту немесе қайта орналастыру үшін қолданылады. Егер бұл қозғалтқыштар істен шықса онда спутниктер кеңістіктегі басқа жасанды аспан денелерімен соқтығысып апатты жағдай орын алуы мүмкін.

Жер орбитасындағы спутниктер

Бұндай соқтығыстың салдары ғарыш саласына айтарлықтай ықпал етеді. Мысалы соқтығыстың салдарынан ұсақ түйіршіктер пайда болады да, олар орбитада аса жоғары жылдамдықпен қозғалады. Әдетте олардың жылдамдығы атылған оқтың жылдамдығынан 10 есе жоғары болады. Егер бұл түйіршіктер басқа құрылғыларға тисе, онда оларға түрлі деңгейдегі залал алып келеді. Тіпті оларды бірден істен шығаруы да мүмкін. Ал аса қымбат ұшырылған құрылғылардың бұндай жағдайда істен шығуы қай елге болмасын ауыр шығын болмақ.

“Endeavor” ғарыш кемесінің радиаторына STS-118 миссиямсы кезінде ғарыш қоқысы келіп тиген. Ол тиген жерінде диаметрі шамамен 5,5 мм тесік қалдырған, ал шыққан тесігі екі есе үлкен.

«SpaceX» компаниясының пікірінше 3% жарамсыздық деңгейі олардың межесінен жоғары емес, сондықтан бұған алаңдайтындай қауіп жоқ, себебі істен шыққан спутниктер біртіндеп атмосфераға құлайды да, сонда жанып кетеді.

Мамандардың пікірінше спутниктердің атмосфераға біртіндеп құлауы өте ұзақ процес. Ол шамамен 5 жылға жуық уақыт алуы мүмкін. Осы барыста олардың басқа құрылғылармен соқтығыспауына ешкім кепіл бола алмайды.

Қалай дегенмен де әр нәрсенің жақсы және жаман жақтары болады. «StarLink» жер бетінің кезкелген бұрышына жоғары жылдамдықты интернет жеткізуді мақсат еткенімен оның спутниктері ғарыш саласына біраз зиян тигізетіні де шындық. Тіпті астрономдар мен астрономияға қызығушылар бұл спутниктердің көп болғаны соншалық олар аспан денелерін бақылауда кедергі болуы мүмкін деген алаңдаушылық та білдірген болатын.


Дайындаған – Әліпбай Б.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button