ЖаңалықтарМедицина

КОВИД-19 толық адамдарға неге ауыр тиеді?

ScienceMag порталының хабарлауынша АҚШ емханаларының статистикасы көрсеткендей, КОВИД-19 вирусын жұқтырған адамдардың арасында толық және семіз адамдар көбірек зардап шеккен. Мысалы КОВИД-19 вирусын жұқтырған 399 000 сырқат туралы бір зерттеу мақалада семіз адамдардың ауруханаға жатқызылу мүмкіншілігі салмағы қалыпты адамдарға қарағанда 113%-ке жоғары болған. Ал олардың 74%-ы жансақтау бөліміне түсіп, 48%-на өлім қаупі төнген. 17 000 сырқатқа жүргізілген тағы бір зерттеу нәтижесі де ұқсас мәлімет көрсеткен. 77% науқастың салмағы шамадан тыс артық болған. Осыған ұқсас статистиканы британиялық зерттеулер де растап отыр.  

Бұл жағдайға ғалымдар бірнеше факторлар себеп болатынын айтады.

Семіз адамдардың іш қуысындағы майлар кеуде куысымен арадағы көк етті жоғары қысып, өкпе ауа жолдарының тарылуына себеп болады да, адамның тыныс алуын қиындатады.

Сонымен қатар, салмағы қалыпты адамдармен салыстырғанда, семіз адамдардың қаны оңай ұйыйтын көрінеді. Ал КОВИД-19 вирусы қанның ұюына себеп болатындықтан, семіз адамдар бұл вирустың соққысына оңай ұшырайды.

Және бір себеп – адам денесіндегі артық май клеткалары иммундық жасуша өндіретін көкбауыр, сүйек кемігі және  айырша без сияқты органдарға еніп, олардың иммундық клетка жасауына кедергі болады екен. Нәтижеде, семіз адамдар вирус жұқтырған жағдайда олардың ағзасы вирусқа қарсы күресті өнімді жүргізе алмайды.

Май клеткаларының тағы бір кемшілігі олар цитокиндер бөліп иммундық макрофагтардың көбеюіне себеп болады. Солайша адам денесінде қабынулар пайда болу қаупі арта түседі.

Бұл себептерден басқа, семіз адамдар әлеуметтік кемсітулерге ұшырайтындықтан емханаларға барып емделуден жиі бас тартады.

Сондықтан да артық салмақты адамдар бұл вирустан ерекше сақтанып жүргені абзал.

Дайындаған – Әліпбай Б.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button