ЖаңалықтарМедицина

Коронавирустың осал тұсы анықталды

Ғалымдар жаңа тәжвирусы өз нысаналарына орнығу үшін пайдаланатын ақуыздың 3800-ден аса вариацияларын жасап шықты және сипаттап берді. Осылайша, ақуыздың қай бөлігі адам жасушаларын байланыстыруда шешуші рөл атқаратынын анықтауда тағы бір үлкен қадам жасалды.

SARS-CoV-2 жасушаға шабуыл жасаудан бұрын, оның “бүршік” деп аталатын вирусты ақуызы адам жасушаларының бетіндегі рецепторға тастай байланып алады. АҚШ-тың Сиэтл қаласындағы Fred Hutchinson Қатерлі ісік зерттеу орталығының маманы Jesse Bloom және оның қызметтестері ақуыздың 3804 вариациясын жасады. Олар бұл нәтижеге жету үшін бүршік ақуызының шешуші сегментіндегі жалғыз амино қышқылын әр жолы бір реттен ауыстырып отырған. Сынақ нәтижесі бұл вариациялардың көбінің жасушадағы рецепторға тәжвирустың бүршік ақуызы сияқты байланғанын көрсетіп отыр. Осылайша зерттеушілер тәжвирустың бүршік ақуызы өзгеріске ұшыраған жағдайда адам жасушасына жабысу қабілеті әлсірейтінін білді. Яғни ғалымдар ақуыздағы нақты қандай амино қышқылдарын өзгерткен жағдайда вирус әлсірейтініне көз жеткізді.   

Бұл өз кезегінде зерттеушілерге вирустың жасушаларға жұғу қабілетін бейтараптандыратын молекулаларды ашуына сеп болады.

Дайындаған – Бақыт Қ.

Related Articles

One Comment

  1. Бұны оқып түсінудің өзі оңай емес екен,
    Осыны қазақ тіліне аударған авторға рахмет, еңбектеріңіз жана берсін

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button