
Кеше, 2020 жыл 6-шы қазан күні Швеция астанасы Стокгольмдегі Нобель сыйлығы комитеті үстіміздегі жылдың физика Нобель сыйлығын кімге табыстайтынын жария етті.
Комитет биылғы жүлдеге қара құрдымды зерттеу саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ғалымдар лайықты деп шешкен. Британдық математик Роджер Пенроуз бұл даңқты марапатты 55 жыл бұрынғы еңбегі үшін алып отыр.
Негізі қара құрдым туралы түсінікті ең алғаш Альберт Эйнштейн өзінің 1915 жылы жариялаған салыстырмалылық теориясы туралы мақаласында болжаған болатын. Қара-құрдымның дәл ортасында тығыздық шексіз жоғары болғандықтан гравитациялық сингулярлық орын алады, яғни уақыт пен кеңістік күйрейді. Алайда ол кезде адамзат Қара құрдымды былай қойғанда Салыстырмалылық теорияны толық түсініп болмаған еді.
Қара құрдым түсінігін толық қалыптастыру үшін астрофизика және теориялық физика саласының мамандары аянбай тер төгіп, тоқтаусыз ізденістер жасады. Осындай келелі еңбектердің бірі Оксфорд университетінің математигі Роджер Пенроуздың «Гравитациялық күйреу және кеңістік-уақыт сингулярлықтары» атты мақаласы болды. Бұл мақалада ғалым жұлдыздар өмірінің соңында гравитациялық күштің өз массасын шексіз ұлғайтып, оны біртіндеп қара құрдымға айналдыратынын және осы барыста гравитациялық сингулярлық орын алатынын математикалық тұрғыда дәлелдеген. Мінеки бұл біздің қара құрдым туралы дәлелді түсінігіміздің бастау болды.
1990 жылдардан бастап Американың екі зерттеу тобы Галактикамыздың дәл ортасында орналасқан қалың жұлдыздарды бақылай бастайды. Күннің көлеміндей төңіректе шамамен бір миллионға жуық күннің массасы шоғырланғанын білген ғалымдар бұның жай-жапсарын білмекке тырысады.

Райнхард Гензель және Андреа Гез – бірі Калифорния Беркли университетінің, екіншісі Калифорния Лос Анджелес университетінің зерттеу тобы жетекшісі – «Sagittarius A*» деп аталатын Галактика ортасында орналасқан аумақты бәсекелесе зерттейді. Бір біріне дес бермеген екі команда «Event Horizon» («Оқиға горизонты») деп аталатын аса қуатты телескоппен аталмыш аумақтағы жұлдыздардың бақылауға келмейтін бір аспан денесін аса жоғары жылдамдықпен айналып жүргенін байқайды. Галактиканың орталығына қарай түрлі аспан денелерінің тығыздығы арта түседі және онда ғарыштық тозаңдар да шоғырланған. Сондықтан «Sagittarius A*-ны» бақылау қиынның қиыны еді. Осы кедергілерге қарамастан, ғалымдар қолдағы технологияның бар мүмкіншілігін пайдаланып Галактикамыздың дәл ортасында да аса үлкен массадағы Қара құрдым орналасқанын дәлелдеп шықты.
Осындай ерен еңбектерін бағалаған Нобель сыйлығы комитеті биылғы жылдың физика Нобель сыйлығының жартысын Роджер Пенроузке, ал қалған жартысын Райнхард Гензель және Андреа Гезге бөліп берді.
Мақаланы дайындаған – Әліпбай Б.