Жаңалықтар

Мұғалімдердің жалақысын өсіргеннен білім сапасы жоғарлай ма?

Соңғы күндері Ұлттық кеңесте білім берудің сапасы жайлы сөз қозғалып және президенттің өзі білім саласына қолдау көрсету туралы айтқаннан бері желіде мұғалімдердің еңбекақысын өсіру туралы көп жазылып жатыр. Осы тұста біз мұғалімдерің еңбекақысының өсуі мен білім сапасының артуы арасында шынымен оң байланыс бар ма деген сұраққа ғылыми тұрғыда біраз ізденулер жасап көрдік.

Белгілі ғылыми журналдарда жарық көрген бірнеше зерттеу мақалаларын қарап шықтық. Дегенмен мәселе көп адамдар ойлағандай тек қана мұғалімнің еңбекақысында тұрған жоқ сияқты.

Принстон университетінің зерттеушісі Эмилиана Вегас өз мақаласында дамушы елдердегі білім сапасына әсер ететін басты фактор ол қаржы мәселесі деп атап көрсеткен. Шектеулі қаржыландыру салдарынан дамушы елдерде мұғалім даярлау ісі кенже қалған. Мектептер шарасыздан үнемі сертификатталмаған мұғалімді жұмысқа алуға мәжбүр. Бұл біріншіден қаржының аздығы болса, екіншіден мұғалімнің тапшылығы. Вегас бұл жағдайларды шешу үшін өзінің ұсынысын айтады. Ол мұғалімдерді ынталандырудың дизайны өте маңызды екенін түсіндіреді. Ынталандырудың тиімді схемалары мұғалімдерге қойылатын талаптармен тығыз байланыстырылуы керек. Сонымен қатар ынталандыру мұғалімдерге қосымша күш салуға жетелейтіндей жомарт болуы керек. Басқарушылық реформалар мектептерге шешім қабылдауға өкілеттік беруі қажет. Орталық Америкадағы мұндай реформалар мұғалімдердің сабаққа келмеуін азайтқан, мұғалімдердің жұмыс уақытының ұлғаюына, үй тапсырмаларының көбеюіне және ата-аналар мен мұғалімдердің қарым-қатынастарының жақсаруына себеп болған.

Стэнфорд университетінің маманы Эрик Ханушек бастаған бір зерттеу тобының пікірінше жоғары жалақы тек тәжірибелі мамандардың келуіне себеп болғанда ғана білім сапасына оң ықпал етеді. Бұдан басқа, мұғалімдердің белгілі бір білім институтын таңдауы тек жоғары еңбекақыға ғана байланысты емес, ол сол оқу орнының орналасқан экономикалық аумағы, халқының экономикалық деңгейі, нәсілі және оқушылардың үлгерімі сияқты факторларға тәуелді болады.

мұғалім

Колумбус колледжі зерттеушісі Артур Ландтың еңбегінде де жалақы жалғыз фактор ретінде қарастырылмайды. Ақшалай ынталандыру қажет болғанмен, ол білім сапасына ықпал ететін жалғыз фактор емес. Мұғалімнің мектеп ортасындағы өзін сезінуі білім сапасына үлкен әсер етеді, оған әкімшіліктің ықпалы да енеді. Яғни, әкімшілік мұғалімге ықпал ету арқылы білім сапасына әсер етеді. Мақала басқа да зерттеушілерге сілтеме жасай отырып әкімшілердің дәстүрлі іс-әрекетін оқу бағдарламаларын жетілдірудің негізгі кедергісі ретінде қабылдайды.

Жоғарыдағы зерттеу қорытындыларын ескере отырып бір тұжырым шығаруға болады. Яғни білім сапасы қаржыландыруға тікелей байланысты болғанымен мұғалімдердің жалақысын өсіре салумен шектелмеу керек. Білім сапасын жетілдіру үшін кешенді жоспар керек. Онда қаржыландырудың тиімді схемасы, басшылық мәселесі, педагог даярлау ісі сияқты көптеген факторлар біріктіріле қарастырылуы қажет.

Мақаланы дайындаған Әліпбай Б.

Related Articles

One Comment

  1. Жалақыны көтергенмен сапаға 100% әсер етпейді, сапасыз мұғалімдер жоғары жалақы алып жүре береді ғой.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button