Таң-тамаша

Сыни ойлау дегеніміз не?

Қысқаша айтқанда сыни ойлау дегеніміз адам өз ойына өзі бақылау жасау деген сөз, яғни адам өз ойының қалай қалыптасып өрбігеніне бақылау жасай алу дағдысы.

Толығырақ айтайық. Адам ойлауы 6 деңгейге бөлінеді. Американдық ғалым Бенджамин Блум (1956) адам ойын төменнен жоғарыға дейін 6 деңгейге бөледі:

Блумның ойды деңгейге бөлуі

Сыни ойлау осы тізімдегі жоғары деңгейлі ойлау сатыларында орын алады.

Ал ендеше сыни ойлаудың элементтеріне тоқталсақ. Сыни ойлаудың 8 элементі бар.

Олар:

  1. Мақсат – сіз белгілі бір іс-әрекетке барарда, немесе шешім қабылдауда мақсатыңыздың не екені жайлы ойланасыз.
  2. Сұрақтар – Сіз өз өзіңізге сұрақ қойып, ойыңызды жүйелей түсесіз.
  3. Ақпарат – Сіз сұрақтарыңызға жауап іздеу үшін түрлі ақпараттар іздей бастайсыз.
  4. Интерпретация – Сіз ақпараттарды өзіңізге түсінікті ету үшін оған анықтамалар бересіз, интерпретация жасайсыз.
  5. Концепция (ғылыми ұғым) – Сіз ойлау барысында түрлі концепциялар, теориялар, ережелер мен принциптерге сүйенесіз. Бұлар сіздің ойыңызды тіпті де дәйекті ете түседі.
  6. Пайым – Сіз ойлау барысында түрлі пайымдар жасайсыз, қорытындылар аласыз.
  7. Салдар – Сіз өз әрекетіңіз бен шешімдеріңізден түрлі салдарларды болжап отырасыз.
  8. Пікір – Сіз мәселеге көз жібергенде белгілі бір көз қарасқа сүйенесіз, ол жеке өзіңіздің немесе басқа біреудің көз қарасы болуы мүмкін. (Сыни ойлау қоры сайтынан)

Адамның ойлау барысы осы элементтерді толық қамту керек, сонда ой барынша кемелді, сыни тұрғыда өрбиді.

Колумбия университетінің профессоры Эдвард М. Глазер 1941 жылғы «Сыни ойлауды дамыту тәжірибесі» атты кітабында сыни ойлау туралы былай деп жазды: «Бұл кітабымыздың мазмұнына негізделсек, сыни тұрғыдан ойлау қабілеті үш нәрсені қамтиды: (1) адамның өз тәжірибесі шеңберіндегі туындаған проблемалар мен мәселелерді саналы түрде ойластыруға деген көзқарас, (2) логикалық зерттеу мен ойлау әдістерін білу және (3) осы әдістерді қолданудың кейбір дағдылары.»

Оның ойынша «Сыни ойлау кез-келген нанымды немесе білім деп пайымдалған нәрсені толыққанды қарастыру болып табылады. Яғни сыни ойлау наным немесе білімді қолдайтын дәлелдер және одан туындайтын тұжырымдар негізінде оларды терең тексеруге күш салады . Сондай-ақ, сыни ойлау тағы мынадай қабілеттерді талап етеді: жалпы проблемаларды тану; сол проблемаларды шешуге көмектесетін құралдарды табу; тиісті ақпаратты жинау және игеру; жасырын болжамдар мен құндылықтарды тану; тілді дәл әрі анық түсіну және пайдалану; мәліметтерді интерпретациялау және түсіну; дәлелдемелерді бағалау және аргументтерді сынау; болжамдар арасындағы логикалық байланыстардың барын (немесе болмауын) тани білу; дәлелденген тұжырымдар мен жалпылама тұжырымдар жасау; қорытындылар мен жалпылама тұжырымдарды сынақтан өткізу; өз нанымдарының заңдылықтарын кең тәжірибенің негізінде қайта құрылымдау; және күнделікті өмірдегі нақты заттар мен қасиеттер туралы нақты пайымдау.»

Сонымен қорытындыласақ. Егер сіз сыни ойлау дағдысын дамытуды көздесеңіз онда міндетті түрде ойлаудың 8 элементін жақсы білуіңіз керек. Оған жоғары білімнің қажеті шамалы, тек бар болғаны өз ойыңызға бақылау жасауға деген ынта мен табандылық қажет.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button