Таң-тамаша

Илон Маск туралы не білесіз?

Егер сіз 21 ғасыр ғылым-техникасынан хабардар адам болсаңыз, онда Илон Маск деген есімді қалайда естіген боларсыз. Дегенмен бұл кісі кім еді деген ойыңыз болды ма? Ал Тесла машиналары туралы естіп пе едіңіз? Соңғы жылдардағы технологиядағы көптеген жаңалық осы Маск мырзамен байланысты. Тағы бір жағынан, қазіргі тілмен айтқанда, қызықты “мемдер” (әзілдер) де осы кісі туралы, себебі ол «Марвел» әлеміндегі Темір адам (Iron Man) Тони Старк секілді. Шамасы, ол біздің ғасырымыздың ең ақылды адамдарының бірі. Егер болашақта электрокөліктермен байланысты салада жұмыс істеуді ойласаңыз, зерттеуіңізді осы кісіден бастағаныңыз дұрыс.

Илон Маск Оңтүстік Африкада туған. Әкесі – африкалық, анасы – канадалық. 12 жасында компьютерде кодтар жазуды өзі үйреніп алып, өз бетімен виртуалды ойын жасаған. Кейін ол ойынды $500-ға сатып жібереді. Маск 17 жасында Канадаға барып, ақшасы мардымсыз болса да түрлі жұмыс істеп, ақша тауып, Американың ең беделді университеттерінің бірі – Пенсильвания университетіне (University of Pennsylvania) трансфермен оқуға түседі. Бұл университетте бакалавр дәрежесінің бір мамандығын оқудың өзі үлкен еңбек пен ақыл-ойды талап етеді. Ал Илон Маск физика және экономика мамандықтарын қатар оқып, сәтті бітірген.

Кейін ол АҚШ-тың атақты Стэнфорд Университеті физика мамандығының PhD докторантурасына түседі. Алайда екі күннен кейін өз бизнесін ашу үшін оқудан кетіп қалады. Ағасы екеуі әкесінен $28,000 қарыз алып, «Zip2» компаниясын бастайды. Ақшаны барынша үнемдеп, компанияны дамытуға күш салады. Кейін компанияны 307 миллион АҚШ долларына сатып жібереді. Алғашқы инвестиция мен соңғы бағаны салыстырсаңыз, компанияның қаншалықты құнды екенін көре аласыз.

Осылайша бір компаниядан келесі компанияға ауысып жұмыс істеген Маск ақшаны күреп табады. Бұдан кейін Маск мырза инвестицияларын электрокөліктер жасайтын Tesla компаниясына құяды. Компанияның басшысы (CEO) болып, көптеген тиімді шешім жасағандықтан, бұл компания қазір электрокөліктер саласында аты озып тұр. Алайда өкініштісі, компанияның жеке істеріне қатысты жалған ақпарат таратты деген күдікпен Маск мырза ұжымнан шеттетіледі.

Электрокөліктер туралы көбірек ақпарат іздеп, танымыңызды кеңейтудің пайдасы мол. Себебі бұл қызықты сала әрі «жасыл болашақтың» бізге жақындап қалғанының көрсеткіші. Егер көлік бензинсіз электр қуатымен жұмыс істесе, бұл экологиялық таза өнім болып саналады. Ал батареялар электромашиналар үшін аса маңызды бөлшек. 16 жылға дейін жұмыс істейтін батарея жасалғаны туралы алдыңғы бір мақаламызда айтқанбыз.

Илон Маск зымыран жасау ғылымын өзі үйреніп, 2002 жылы «SpaceX» компаниясын құрды. «SpaceX» Халықаралық Ғарыш Станциясына ғарыш кемесін жіберген алғашқы жекеменшік компания. Әрине ештеңе оңайлықпен келе қоймады. Бірінші үш сынақта зымыран ұшыруда түрлі ақаулар болғандықтан Маск миллиондаған долларынан айрылды. Алайда төртінші сынақта зымыран ғарышқа сәтті ұшты. 2020 жылдың 27-мамырында «SpaceX» АҚШ-тың екі ғарышкерін ел аумағынан Халықаралық ғарыш станциясына сәтті ұшырды. Қазір де «SpaceX» компаниясының нарықтағы құны $36 миллиардтан асады. Сондықтан болар, Илон Маскты көптеген адамдар Тони Старк деп есептейді.

Маск мырза аптасына қанша сағат жұмыс істейді деп ойлайсыз? Қарапайым адамдар орташа есеппен 40 сағат жұмыс істейді. Ал Илон Маск болса 80-100 сағат еңбектенеді! «Forbes» рейтингі бойынша Масктың бар байлығының құны $19.7 миллиард және әлемнің ең бай адамдарының қатарына 40-шы болып тіркелді.

Қорыта айтар болсақ, Илон Маск «Марвел» комикстері мен фильмдерінен шын өмірге келген батыр секілді. Сол үшін де барлығы Илон Маск болғысы келеді. Ол оңай! Бар болғаны еңбек етіп, өз арманыңа сеніп, ақылды болу керек.

Мақаланы дайындаған – физика PhD докторы Өжет Мәуіт.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button