ЖаңалықтарМедицина

Ғалымдар: Covid-19 «А» қан тобындағы науқастарға ауыр тиеді

2020 жылдың 17-маусым күні Германия және Норвегия қатарлы елдердің біріккен халықаралық зерттеу тобы «The New England Journal of Medicine» журналында «Ковид-19 ауыр науқастарындағы тыныс жетіспеушіліктің геноммен байланысы» атты көлемді зерттеу мақаласын жариялады. Мақалада Ковид-19 вирусын жұқтырған кейбір науқастарда неге ауыр симптомдар болатыны қарастырылған.

Әдетте коронавирус жұқтырған науқастардың арасында қарттар мен созылмалы ауруы бар адамдар ғана көбірек зардап шегеді. Дегенмен кейбір жағдайларда дені сау жастар да қатты ауырып қалып жатыр. Бұл жағдайды түсіну үшін мамандар Италия мен Испаниядағы пандемияның эпицентрі болған қалалардағы 7 емханадан 835 қатты ауырған науқас пен 1255 сау азаматтың генетикалық материалдарын жинап талдау жасаған.

Ғалымдардың пікірі бойынша қан тобына жауапты гендер мен Ковид-19 вирусының адам ағзасына қалай әсер ететіні бір-бірімен байланысты. Зерттеу қорытындысында «біз талдаған генетикалық мәліметтер «O» қан тобындағы адамдар басқа қан тобындағыларға қарағанда Ковид-19 вирусын оңай жұқтырмайтындығын, ал «А» қан тобындағылар басқа қан топтарына қарағанда симптомы ауыр болатынын көрсетті» делінген. Сонымен қатар, тағы бір хромосомадағы тасымалдаушы ақуызға жауапты ген де Ковид-19 вирусының жасушаға шабуылдауымен тікелей қатысты болып шыққан. Яғни, белгілі бір генетикалық ерекшеліктерге ие адамдардың жасушалары вирус шабуылына қарсы төтеп бере алса, енді бірінікі төтеп бере алмайды екен.  

АҚШ-тың Ұлттық денсаулық сақтау институты директоры Доктор Фрэнсис Коллинз де бір неше зерттеулерге сілтеме жасай отырып, өз блогында «А» қан тобындағы адамдар Ковид-19 вирусын басқаларға қарағанда 50% ауыр қабылдайтынын жазған.  

Дайындаған – Б. Әліпбай.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button