ЖаңалықтарМедицина

Ресейдің КОВИД вакцинасы қаншалықты қауіпсіз?

Тамыздың 11-і Ресей президенті Владимир Путин өз елінің жасаған «әлемдегі бірінші» КОВИД вакцинасы ресми қолданысқа қабылданғанын мәлімдеді. Бірақ Вакцинаның қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар жауапсыз қалып отыр.

CNN-нің Мәскеудегі тілшісінің хабарлауынша Ресей президенті Владимир Путин сейсенбіде коронавирусқа қарсы вакцинаны қолдануға рұқсат бергенін мәлімдеп, оның КОВИД-қа қарсы «әлемдегі бірінші» вакцина болғанын жариялады. Дегенмен оның бұл мәлімдемесі вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы жауапсыз қалған толассыз сұрақтар мен түрлі алаңдаушылық аясында жасалып отыр.

«Бүгін коронавирусқа қарсы вакцина әлем бойынша бірінші рет тіркелді», – деді Путин мемлекеттік телеарнада. «Мен оның өте тиімді әсер етіп, тұрақты иммунитетті қалыптастыратынына сенемін», -деді ол.

Путин қыздарының бірі вакцинаны қабылдағанын, әрі дозадан кейін қызының температурасы сәл жоғарылағанын айтты. Дегенмен «қазір ол өзін жақсы сезініп тұр» деді.

Мәскеудегі Н. Ф. Гамалеи атындағы институт әзірлеген вакцина Sputnik-V деп аталған. Бұл Кеңес Одағының 1957 жылы әлемдегі алғашқы спутник ұшырғанын меңзейтіндей. Бірақ бұл вакцина әлі клиникалық сынақтың маңызды бөлігі болып табылатын 3-ші кезеңнен өтуі керек еді. Бұл кезеңде оны мыңдаған адамдарға сынақ ретінде егіп, жанама әсерлері мен салдарын анықтау тиіс.

Ресей вакцинаны сынақтан өткізгені туралы ғылыми деректерді жарияламады, CNN тілшілері де вакцинаның мәлімделген қауіпсіздігі мен тиімділігін тексере алмады.

Осыған қарамастан ресейлік шенеуніктер CNN тілшілеріне кем дегенде 20 ел мен АҚШ-тың кейбір компаниялары вакцинаны қабылдауға қызығушылық білдіргендерін мәлімдеді.

Сарапшылар Мәскеудің вакцинаны тез арада мақұлдау процесіне алаңдаушылық білдірді.

«Ресейлік вакцинаға қатысты нақты не болып жатқаны  белгісіз», – деді Ұлы Британиядағы Саутгемптон университетінің ғаламдық денсаулық сақтау жөніндегі аға ғылыми қызметкері Майкл Хед.

«Кез-келген вакцина қоғамның сеніміне ие болуы керек, сонымен қатар оның тиімділігі мен  ықтимал жанама әсерлері туралы әлеумет жақсы хабардар болуы өте маңызды. Қазіргі уақытта дүниежүзілік денсаулық сақтау қоғамдастықтарының зертханалық тексеруі үшін Ресей жасаған вакцина туралы еш қанай деректер жоқ».

Вакцина туралы ақпарат халыққа толық жетуі міндетті

Лондон Империал Колледжінің Иммунология кафедрасының профессоры Дэнни Альтманн сондағы Ғылыми медиа орталығына вакцинаның толық тексерілместен шығарылуына қатысты алаңдаушылық барын айтты.

«Соңғы мақұлдануы үшін 3-ші клиникалық сынақ өте маңызды» – деді Альтманн. «Кез-келген қауіпсіздігі мен тиімділігі төмен вакцинаны шығарудан болатын залал біздің қазіргі проблемаларымызды тіпті де шиеленістіріп жібереді. Айтылған  талаптар орындалды деп үміттенемін. Біз бұны бірлікте атқарып бірлікте еңсеруіміз керек».

Еске сала кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша клиникалық бағалау сатысында 25 вакцина және 139 кандидат вакцина бар.

Әлемдегі үміт күттірген вакциналар арасында Оксфорд университеті мен АстраЗенека компаниясының бірге жасаған вакцинасы және Модерна биотехнологиялық компаниясы мен АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау институты бірге жасаған вакцина бар. Бұл екеуі де сынақтарда жақсы нәтиже көрсетті және қазіргі уақытта 3-кезеңнен өтіп жатыр.

Дайындаған – Таубабек Ерлан

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button