БиологияЖаңалықтар

Әлеуметтік қашықтық сақтау жануарлар арасында қалыпты құбылыс

КОВИД-19 пандемиясы басталғалы бері әлеуметтік арақашықтық мәселесі әлем елдері өмірінің күн тәртібінен түспей келеді. Бұл адамзат үшін көптеген қиындықтар тудырды. Алайда, жалпы тіршілік әлемінде әлеуметтік арақашықтықты сақтау кең тараған құбылыс.

Тамыздың 12 күні жарияланған бір ғылыми мақалада ғалымдар жануарлардың жұқпалы аурудан сақтану үшін түрлі тактикалар қолданып әлеуметтік қашықтық сақтауы туралы жазған. Бұндай сақтық шаралары әсіресе топтасып өмір сүретін жануарлар мен жәндіктер арасында өте кең тараған. Сондай-ақ, ауру жұқтырған және жұқтырмаған жануарлар да бірдей оқшаулану тактикасын қолданады екен.

Ауру жұқтырған аралар ұядан ұшып кеткеннен кейін қайта оралмайтын көрінеді. Ал жұқпалы індеттің өз тобында тарағанын сезген жарғанаттар топтасып қонақтауын доғарып, жеке-дара ұйқыға кетеді екен. Сонымен қатар, кейбір теңіз шаяндары да ауру жұқтырған серіктерін байқаса топтасып жүруден бастартатын көрінеді. Ал тау шымшықтары мен кейбір балықтар мінез-құлқы өзгеріске ұшыраған топтастарын ауру жұқтырды деп есептеп оны үйірден аластауға тырысады.

Жануарлар әлеміндегі бұндай тактика олардың әлеуметтік топтарын сақтап қалуда маңызды рөл атқарады дейді ғалымдар. Салыстырмалы түрде жекелеген жануардың құрбандығы бүкіл популяцияның тірі қалу мүмкіндігін арттырады.

Дайындаған – Әліпбай Б.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button