ЖаңалықтарМедицина

Хиросима және Нагасаки: Атом бомбасының 70 жылдық зардабы

Екінші дүние жүзілік соғыстың соңына ала АҚШ Жапонияның Хиросима және Нагасаки екі қаласына атом бомбасын тастап, Жапонияны тезірек тізе бүгуге мәжбүрледі. Осы екі жойқын жарылыс болғаннан кейін көп өтпей АҚШ пен Жапония екі тарап та жарылыс болған қалаға зерттеу топтарын жіберіп ядролық бомбаның жергілікті халыққа әсерін зерттеген.

Жапониялық зерттеу тобының мақсаты радиациялық сәуленің адам денсаулығына әсерін зерттеу болса, АҚШ ғалымдары атом бомбасы адамдарды қалай өлтіргендігін анықтау болды дейді жақында жарық көрген бір журналистік зерттеу.

Жүргізілген зерттеуге қарағанда 1945 жылы 6 тамызда орын алған Хиросима жарылысы және оның салдарынан 90 000 -120 000 адам көз жұмған. Ал 3 күннен кейінгі Нагасакидегі жарылыс 60 000 – 70 000 адамның өліміне себеп болған. Ажал құшқандардың нақты санын айту мүмкін емес, себебі жарылыс болған орынға жақын маңдағы адамдар термоядролық реакция кезіндегі аса жоғары температура мен қуатты энергия салдарынан лезде буға айналып ғайып болған. Сонымен қатар, теңіз жағасына таяу маңда жүрген адамдар жарылыстан кейін болған теңіздің шайылуынан суға ағып кеткен. Ал олардың сүйегін толық табу мүмкін болмаған.

АҚШ пен Жапония бірігіп құрған Атом бомбасының зардабы жөніндегі комиссия (ABCC) ұзақ жылдар бойы зардап шегушілерге зерттеу жүргізген.

Жарылыс адамдардың денсаулығына аса ауыр әсер еткен. Тірі қалған бірақ радиацияға көбірек түскен адамдар күйіктен төсек тартып, ұзақ уақыт қиналған. Радиация төмендеу жерде болған адамдар да уақыт өте келе түрлі қатерлі ісіктерге шалдыққан. ABCC-дің зерттеуінше радиация салдарынан адамдарда қатерлі ісіктің оннан астам түрі анықталған.

Дегенмен 1953 жылғы 60 000 жүкті әйелге жүргізілген бір зерттеу олардың балаларында радиацияның әсері байқалмағанын айтады. Солай бола тұрса да қоғамның жарылыстан тірі қалған адамдарға деген көзқарасы қатты теріс болған. Оларға «Hibakusha», яғни «жарылыстан зардап шегуші» деген ат тағылып, жұмысқа тұру және жар таңдау сияқты жағдайларда үнемі кемсітушілікке ұшырап отырған. Тіпті кей адамдар олардың бойында шайтанның қаны бар деп сенген. Бұл әсіресе әйел адамдарға өте ауыр тиген дейді мақала авторы.

ABCC радиацияға түскен 75 000 адамды ұзақ жылдар бойы зерттесе де оларға медициналық көмек көрсетпеген. Бұның себебін кейбір зардап шегушілер былай түсіндіреді. Егер ABCC оларға медициналық көмек көрсеткенде бұл АҚШ өзінің бомбылау әрекетін кінә ретінде қабылдауы болар еді. Осы себептер әсерінен зардап шегушілер мен ABCC арасындағы қатынас өте қиын жағдайда болған. Алайда жарылыс зардабының қаншалықты аянышты болғанын толық қанды зерттесін деген еріктілер бәріне шыдайды.

1975 жылы Атом бомбасының зардабы жөніндегі комиссия (ABCC) Радиациялық әсерлерді зерттеу қоры (RERF) болып қайта құрылады. Бұл жолы қорды қаржыландырудың жартысын өз мойнына алған Жапония зардап шегушілерге белсенді көмектесе бастайды. Жарылыс радиациясынан зардап шеккендерге медициналық кеңес пен көмек беріледі.

Бүгінгі Хиросима

Мамандардың айтуынша 70 жылдан аса уақыт жалғасқан бұл зерттеу тек қана зардап шегушілер мен зерттеушілерге ғана көмектескен жоқ. RERF шеңберінде қол жеткізген зерттеу жетістіктері ядролық радиациядан қорғануда адамзат үшін үлкен мәнге ие.

Бүгінгі таңда рентгендік процедуралар экрандалған бөлмелерде жүргізіледі. Сонымен қатар, дозиметриялық бейжиктер денсаулық сақтау және атом электр станциялар жұмысшылары ағзасындағы радиацияның жинақталған әсерін бақылайды. Бұлардың барлығы RERF мәліметтеріне негізделеді. Сондай-ақ, Радиологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық комиссия (ICRP) да RERF мәліметтерін ғарыштық туристер мен Марсқа ұшатын ғарышкерлерге жасалатын ұсыныстарға пайдалануда.

Дайындаған – Әліпбай Б.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button