Қазақ даласында мысық 1000 жыл бұрын қолға үйретілген

269
мысық
image by MabelAmbr from Pixabay

Германия, Қазақстан және Ресей ғалымдары 775-940 жылдар аралығында өмір сүрген мысықтың қаңқа сүйегіне зерттеу жасады. Бұл мысықтың қаңқа сүйегі орта ғасырлық көне қала Жанкенттің орнынан табылған. Зерттеу нәтижесі көшпенділердің 1000 жыл бұрын мысықты үй жануары ретінде баққанын дәлелдеп отыр.

Жанкент Қызылорда облысының Қазалы ауданында орналасқан көне қала орны. Ежелгі жібек жолы бойында орналасқан бұл қала оғыз тайпаларының ең атақты қалаларының бірі және астанасы болған.  

Мысықтың сүйек қалдықтары өте жақсы әрі дерліктей толық сақталған. Ғалымдар мысық сүйегінің бұндай толық сақталуы өте аз кездесетін жайт дейді. Зерттеушілер сүйектерге талдау жасау арқылы мысықтың өмір сүру жағдайына (жәбір көрген-көрмегеніне) дейін болжам жасаған. Автордың айтуынша сүйекке талдау жасау арқылы табылған жануардың қандай жануар екенін біліп қоймай, оның тегін, қандай тамақпен қоректенгендігін де білуге болады.

Зерттеу нәтижесі мысық қаңқасының бірнеше жерінде сынықтың болғанын дәлелдеген. Сонымен қатар, оның азу тісі мен қоса тағы бірншеше тістері мүлде жоқ болған. Ғалымдар сүйектерге изотоптық талдау жасау арқылы мысықтың тамақ күтімі жақсы болғанын байқаған. Мысықпен бірге табылған ит және басқа да жануарлармен салыстырғанда мысық тамағының құрамында ақуыздың мөлшері аса жоғары болған. Осыған негізделіп адамдар мысыққа ет беріп баққан болуы әбден мүмкін деген болжам жасап отыр мақала авторлары.

Жанкенттен шыққан мысық
Жанкенттен табылған мысық сүйегінің қалдықтары.

«Археологиялық қазбалар әлі жалғасуда, ежелгі жібек жолы бойындағы басқа жануарлар туралы да көптеген ақпараттар табамыз деген үміттеміз» дейді зерттеу еңбегінің бас авторы. Ол және «түйе, ат сияқты жібек жолы бойында қолданыста болған жануарлар туралы білетініміз өте аз. Болашақта осы туралы да ізденістер жасаймыз деген ойдамыз» дейді.

Дайындаған – Бүркітқан Ақбайұлы.

Жауап жазу

Көмментарияны енгізіңіз
Мұнда атыңызды жазыңыз