Жаңалықтар

130 жыл бұрын қазақ даласында болған эпидемия

XIX ғасырда қазақ даласында 2 рет тырысқақ ауруынан эпидемия болған. Бұл эпидемия Ресей империясында болған тіпті де көлемді эпидемияның бір бөлігі болатын. Бұл кезеңдердегі эпидемиялық жағдайлар туралы жазба мұрағаттар бір шама толық болғандықтан ғалымдар оларды зерттеп, қорытынды мақалалар жазған. Сондай мақалалардың бірін жақында Facebook-тегі бір досым бөлісіп қойыпты. Оқып көріп ішінде 130 жыл бұрынғы қазақ жұртының эпидемиямен қалай күрескендігі жайлы құнды деректер бар екенін байқап, қысқаша қорытындылап, оқырман назарына ұсынып отырмын. Мақаланың тақырыбы «Карантиндер мен мыс тұмарлар: XIX ғасыр қазақ даласындағы тырысқаққа қарсы күрес». Мақаланың түсіндірмесінде Мәскеудегі Германия тарих институтының (DHI) ғалымдары осы мақаланы жазуға көмектесті делінген.

Бұл еңбек «Шығыс Еуропа тарихына арналған жылнамалар» деген кітаптың 489-512 беттерінде басылған («Шығыс Еуропа тарихына арналған жылнамалар» Жаңа эпизод, 61 том, H. 4, бағыт: Шығыс Еуропадағы әлеуметтік гигиена (2013), б. 489-512).

Мақаланың негізгі мазмұнын төмендегі бірнеше түйіндерге бөліп қарастыруға болады.

1829-1831 жылғы эпидемия

Бұл кезеңде тырысқақ ауруы сол кездегі Британияның колониясы Индиядан басталады да солтүстікке қарай біртіндеп тарап, Ресейдің Орынбор қаласына дейін жетеді. Дегенмен ғалымдар мен дәрігерлер аурудың жұқпалылығы туралы нақты бір шешім айта алмайды. Ресей дәрігерлері де аурудың түрлі мүмкін деген себептерін айтқан. Оның ішінде Миа́зм туралы да айтылады. Тіпті кей дәрігерлер ауруды атмосфералық ықпал, жер электрі, табиғаттың болымсыз күші және ауадан адам денесіне қонатын микроскоптық жануарлардан болды деген де теориялар айтқан. Дегенмен дәрігерлердің пікірі бәрі бір саяси ойынның ырқында болған.

Ауру Ресейге Орта Азия жақтан келгендіктен орыс үкіметі Орта Азия жақтан ауру туралы толық ақпарат іздеуге тырысады. Алайда эпидемия Орынборда күшейгенше билік мардымды ақпарат жинай алмайды.

Ақпараттардың кем болуының себептері

Ауруды тізгіндеу барысында Ресейдің орталық билігі мен жергілікті билік арасында қайшылықтар болған. 1830 жылғы Орынборды оқшаулау шарасы орталық билік тарапынан сынға алынады, себебі үкімет шектеу шаралары Ресей мен Орталық Азия арасындағы саудаға нұқсан келтіреді және қазақ даласында тұрақсыздық тудыруы мүмкін деп алаңдайды.

Ресей империясы Орта Азияға әлі толық үстемдік орната қоймаған, сол себепті бұл аймақтан ауру туралы нақты ақпарат алу өте қиын болады. Хива мен Қоқаннан келген сауда керуендері де аурудың барын жасырып қалуға тырысқан, себебі ауру бары анықталса олардың саудасына нұқсан келуі мүмкін еді.

Орыс әкімшілері қазақтардан ақпарат алмақ болады, бірақ қазақтар да мардымды ақпарат бермейді.

1829-1830 жылдары Торғай облысын Ресейге бағынышты бірнеше сұлтандар бөліп басқаратын. Қазақтар арасында тырысқақтың қаншалықты таралғаны белгісіз. Қазақтан шыққан жергілікті билеушілер мен орыс басқарушылары тырысқақтың таралуы жайлы ақпаратты жинап Орынборға жіберіп отыратын болған. Алайда бірнеше себептен бұл ақпараттардың барлығы дерлік сенімді болмаған. Ақпараттың дәлдігіне нұқсан келтірген басты кедергі ол кей сұлтандардың саяси қарсыластары олардың беделін түсіруге ұмтылып тырысқақ өрбіді деп әдейі дақпырт таратқандығы. Ауру өрбіді делінген жерлерге барып тексерген мамандар ешқандай да аурудың болмағанын анықтаған. Қазақ басшылардың мәлімдеген кей аурулары да тырысқақ болмай шыққан. Көбі күйдіргі немесе қызылша болған.

Сонымен бірге, қазақтар еркін өмірге, маусымдық көші-қон ісіне және сауда-саттыққа кедергі болады деп, ауруды жасыруға тырысқан. Көп жағдайларда ауру шыға қалса қазақтар ауырған адамды туысқанының қарауына қалдырып өздері көшіп кететін болған. Бұл эпидемияның жағдайын анықтауда дәрігерлерге қиындық тудырған.

Сақтану шаралары мен ем

Кейбір жазба деректерде қазақ қариялары аурудан қорғайды деп мыс тұмар тағып алатын болған. Ол тұмар қалмақ батыры Хобартидің қазанынан жасалған мыс. Сонымен қатар, мал сойып құрбандық берілген. Бұхарадан келген керуен ауылдан өтерде тезектің түтінімен аласталып, аспанға мылтық атылған деп жазылады деректерде.

Орыс дәрігерлері батыс медицинасын меңгерген болса да жергілікті халық өмірін түсінбеуден оларға көп көмектесе алмаған. Дегенмен ол кездегі әлемдік медицинаның өзі де мешеу еді. Тырысқақ ауруын тудыратын бактерияны Роберт Коч тек 1883 жылы ғана анықтаған.

1829 жылы орыс үкіметі татар тілінде тырысқақтың симптомдары мен одан қорғану жолдары туралы ақпарат жазылған парақшалар тарата бастайды. 1831 жылы бұндай парақша қазақ тілінде де басылып таратылады.

1889 -1892 жылғы эпидемия

1889-1892 жылғы тырысқақ дертінің таралуы Түркімен жерінен бастау алып, шығыста Түркістан облысына және солтүстікте каспий теңізімен және Жайық өзенімен орыс жерлеріне тараған. Кейін шекаралық аймақтардағы қазақ саудагерлері, жалдамалы қазақ жұмысшылары және ауру мен аштықтан босып келген орыс шаруалары бұл індетті қазақ даласына алып келеді.

1892 жылғы тырысқақ ауруының таралуына дейін Ресей патшалығы әлемдік медицина тәжірибесімен толық сусындайды. Эпидемиядан қалай қорғануды біледі және ем-домын да меңгерген. Медициналық кеңестің ұсынысымен шекараларды жабу, қатынасты тоқтату сияқты шаралар қабылданады.

Бұл жолы Орталық Азияға ықпалы күшейе түскен Ресей қазақ даласына Соловьев және Мацкевич атты екі дәрігер жібереді. Олар қазақ даласын аралап, эпидемия мен оған қарсы тұру шаралары туралы толық деректер жазып қалдырған.

Сақтану шаралары мен ем

Орынборға қарасты Торғай облысында мал дәрігерлері дәрігерлерден де көп болған. Олар малшы, саудагерлерге аурудың алдын алуын үйреткен және оның таралуын тоқтатуда көмектесуге жұмылдырылған. Дегенмен қазақ ауылдарына Ресейдің билігі әлі толық жүрмейтіндіктен дәрігерлердің ауылдарға барып ем жасауы қиын болған.

Қазақ шаруалары орыс дәрігерлеріне сенімсіздік танытқан. Соловьевтың жазуынша бір малшы қазақтардың туыстары ауырып жатса да Соловьевке айтпағанын жеткізеді, себебі олар туыстарын дәрігерлер улап өлтіреді деп қорққан. Бұрындары қой, сиыр ауырғанда мал дәрігері малды дереу өлтіруге бұйрық береді екен, содан шаруалар дәрігерлер де ауру адамды өлтіреді деп қорыққан. Кей кездері қазақтар дәрігерлер ауруды киіз үймен қоса өртеп жібереді деп ойлаған. Олар тіпті дәрігердің атын ұрлап кетіп, немесе ат-көлік бермей оларды жолдан қалтырып отырған.

Аурудан қайтыс болған туыстарының дезинфектант сасыған матаға оралып жерленуін қаламаған жұртшылық туыстарының ауруын жасырып қалуға тырысқан. Әрине, бұндай жағдай орыс және татар ауылдарында да болған. Нәтижесінде дәрігерлер тек жаңа молалар саны күрт көбейгенде ғана аурудың тарап жатқанын сезетін болған.

Молданың уағыздауынан кейін малшылар мәйітті дезинфекцияламақ болған орыс дәрігерлерге шабуылдаған.

Кейін келе дәрігерлер дәрі-дәрмекті өздеріне қолданып көрсетіп барып қазақ шаруаларының сеніміне ие болған. Жергілікті үкімет қатаң бұйрық шығарып дақпырт таратқан адамдарды жазалап, селбеспеген ауыл шенеуніктерін жұмыстан босата бастағаннан кейін ғана аурумен күрес өнім берген.

Содан кейін арнайы киіз үйлер тігіліп, адамдарды оқшаулаған. Арнайы медициналық бригадалар жасақталып, көшпелі ауруханалар ұйымдастырылған. Соловьев және Мацкевич еуропалық орыс ауылдарына қарағанда қазақ ауылдарының жағдайы әлде қайда жақсы деп жазады. Дәрігерлерге сене бастағаннан кейін қазақ малшылары орыс дәрігерлермен бірге аурумен күресуде орыс шаруалары және басқа орта азиялықтармен салыстырғанда әлде қайда белсенділік танытқан.

Алайда орыс дәрігерлерінің барлығы сауатты ем жүргізе қоймаған. Олардың арасында ортақ келісілген терапия әдісі болмағаны да айтылады. Соловьевтың келуімен қазақ даласында гомеопатия емі өте қарқынды қолданылған. Тіпті сол Соловьвтің өзі қазақ малшыларына мыстан жасалған платалар таратқан. Оның пікірі бойынша бұл гомеопатиялық ем. Яғни мыс тотықтары адам терісінен денеге өтіп ауруға қарсы тұруына көмектеседі.

Сонымен бірге, дәрігерлер де билеушілер де орыс емінің қазақтар арасында сенімге ие болуы оларды ресейге жақындата түседі деп сенген.

Қазақтың гигиенасы

Бұрындары орыс билеушілері мен дәрігерлері қазақтардың тазалық сақтауы нашар деп сенсе, осы эпидемиядан кейін орыс дәрігерлері қазақтардың орыс және басқа да отырықшы халықтарға қарағанда тазалықты әлде қайда жақсы ұстанатынына көзі жеткен. Мысалы қазақтар көрпе мен киіздерді күнге жаюды, қайнаған суды жиі тұтынуды және үйді желдетуді жақсы білген.

Сонымен қатар, сол кездегі дәрігерлердің жазуы бойынша қазақтар тұтынатын қымыз, шұбат және айран сусындары ауруды жеңуде маңызды рөл атқарған.

Дайындаған – Әліпбай Б.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button