Жаңалықтар

“Қазақ тілі ғылым тілі болу үшін өркениетті қадам жасау керек”- Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Ana Tili газетінде берген ауқымды сұхбатында ел ішіндегі түрлі түйіткілді мәселелеррге тоқталып өз ойын білдірді. Соның ішінде тіл мәселесін кеңінен қозғай келіп ана тіліміздің ғылым тілі болуы үшін үздіксіз табанды жұмыс жасауымыз керек екендігін баса айтқан.

Тіл мәселесінің үлкен саяси мәні мен маңызы бар екенін және бұл іске бейжай қарауға болмайтындығын, тілге қатысты жұмыстарды қызбалыққа салынбай, керісінше сабырлықпен тоқтаусыз жалғастыру керек екендігін атап өткен. “Тарихтан сабақ ала отырып, біз технология мен роботтар басты рөл атқаратын жаңа дәуірдегі қазақ халқының игілікті өмірі жайында ойлануымыз керек. Әлем түпкілікті өзгерістердің алдында тұр. Сол себепті есте жоқ ескі заманды аңсамай, лингвистикалық мәдениеттің айналасын шиырлай бермей, тарихымызды да дәріптеп, салт-дәстүрімізді сақтай отырып, алға ұмтылуымыз қажет” – деді президент.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік тілдің мүшкіл халі туралы айта бергеннің орнына көптеп еңбек етуге кеңес беріп, қазақ тілінің ғылым тілі бола алатынын да қадап айтқан – “Қазір демографиялық ахуалдың өзі қазақ тілінің ұпайын түгендеу бағытына қарай дамып келеді. Яғни біз алға қойған мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мұндай астары қалың, ел тағдырын шешетін іргелі істе асығыстыққа жол бермеу керек. Қайта әрбір әрекетімізді ақылға салып, мойнымыздағы тарихи жауапкершілікті барынша сезіне отырып жұмыс істегеніміз дұрыс. Осындай өркениетті қадамдардың нәтижесінде ғана қазақ тілі ғылым тіліне айналады” -деді президент.

“Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі” – деп президент айтқандай, әр қазақ ғылыммен өзін жасақтап сыни ойлау дағдысын дамытуы керек деп есептейміз. Еңбекке ғылым араласса оның өнімділігі артатынын тарихи дәлелдер көрсетіп келеді. Тіпті қарапайым өмірдегі әр іске де ғылыми тұрғыдан көз жүгірте білу бізді алға жетелемесе кері кетірмейді.

Қазақ халқы ғылым мен еңбекті қатар алып жүрсе, аузынан білім туралы сөзі түспей, санасынан ілім тулалы ой кетпей жүрсе қазақтың тілі де ғылым тілі болып шыға келетініне кәміл сенеміз.

Дайындаған Б. Ақбайұлы

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button