Жаңалықтар

Галактикамызда 36 өркениет бар

АҚШ астрономдары Құс жолы галактикасында кем дегенде 36 ақылды тіршілік иесі өмір сүретін планета бар екенін айтады. Ғалымдардың есептеуі бойынша бұл өркениеттерді біз қазір таба алуымыз неғайбыл.

Аталған зерттеу «Жерден тыс ақыл иелерімен байланыс (CETI)» деп аталатын бағдарлама аясында жүргізілген. Астрономдар жұлдыздардың пайда болу тарихы, металдың таралуы және жұлдыздардың айналасындағы тіршілікке қолайлы жолақта Жерге ұқсас планеталардың орналасу ықтималдығы сияқты факторларды қоса алғандағы соңғы астрофизикалық ақпараттарға талдау жасап есептеулер жүргізген.

Есептеудің нәтижесі көрсеткендей бұл планеталардың барлығы дерлік «Қызыл ергежей» немесе «М түріндегі жұлдыз» деп аталатын жұлдыздардың айналасында пайда болуы мүмкін. «Қызыл ергежей» жұлдыздардың ішіндегі ең кішісі болғандықтан олардың жарығы тым әлсіз болады. Жер бетінен бұл жұлдыздарды көзбен бақылай алмаймыз. Алайда Галактикамыздағы жұлдыздардың басым бөлігі осыдай жұлдыздар екенін ғалымдар дәлелдеп отыр.

Бір өкініштісі бұндай «қызыл ергежейлер» тұрақсыз болғандықтан оны айналған планеталардағы тіршілік те тым ұзақ жасай алмауы мүмкін.

Ғалымдар бұл тіршілік иелерін жақын арада таба алмауымыздың себебін былай түсіндіреді. Бұндай тіршілікке пана болған жұлдыздар галактикамызда біркелкі таралған күннің өзінде күн жүйесіне ең жақыны шамамен 17 000 жарық жылы қашықтықта болады екен. Бұл қазіргі радио-телекоммуникация үшін де өте алыс қашықтық. Демек жақын болашақта біз олармен байланыс орната қоятын мүмкіндігіміз жоқ.

Дегенмен ғылым мен технология кенет қарқын алып дамып кетсе олармен қарым-қатынас орнатып, жұлдыздар арасын жол қылатын күн тумасына кім кепіл?

Дайындаған – Әліпбай Б.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button