Жаңалықтар

Билл Гейтс неге вакцина жасауға барын салып жүр?

Қысқаша айтсақ ол адамзаттың ортақ мүддесі үшін күресіп жүр.

Толығырақ түсіндірейік. Алдымен Альфред Адлердің «Жеке тұлға психологиясының практикасы мен теориясы» деген кітабы туралы қысқаша таныстырумен бастасайық. Альфред Адлер (1870-1937) психотерапияның үш ірі негізін қалаушылардың бірі. Оның бұл кітабы 20 ғасырдың басында жазылған. Кітап мазмұны негізінен төменде көрсетілген бірнеше түйіндерді қамтиды.  

  • Кемелділікке немесе артықшылыққа ұмтылу адамның теріс позициядан оң позицияға ауысуға деген табиғи ынтасынан туындайды. Адлер артықшылыққа ұмтылудың екі түрлі көрінісін айтады. Біреуі – тек жеке бас артықшылыққа ұмтылу. Бұндайда адамдардың басқаларға қамқорлық жасауы сирек болады. Нәтижесінде адамдар өзін кемшіл сезінуден әсіре мінез-құлқы танытады. Яғни олар бәсекеге түсіп бірін бірі жеңуді мақсат тұтады. Тіпті басқаға қиянат жасауға да баруы мүмкін. Екіншісі – барлық адамға пайда әкелуі үшін жетілген және кемелді қоғам құру. Бұндай адамдардың мінезі байсалды көрініс табады.
  • Адлер көзқарасы бойынша өмір практикасы – махаббат, қоғамдық өмір, жұмыс, руханилық және өзін-өзі ұстау – барлығы бір бірімен тығыз байланысты. Адам бала кезінен осы байланыстылықтың ортасында дамып жетілгендіктен, олардың адам психикасына әсері орасан зор болады. Адлер пікірі бойынша бала тәрбиесінде сәбилерге басқалармен салыстыруды, бәсекелесуді емес, басқалармен селбесуді, ынтымақтасуды үйрету керек. Бұл олардың «әлеуметтік қызығушылығын» жетілдіреді және кемелді қоғам құруға талпынатын азамат болып өсуінің алғы шарты.
  • «Әлеуметтік қызығушылық» дегеніміз – қоғамның барлық мүшелеріне деген сүйіспеншілікті немесе адамзаттың табиғатына деген белгілі көзқарасты білдіреді. Ол өзгелермен жеке мүдде үшін емес, әлеуметтік прогресс үшін ынтымақтастық орнату ретінде көрінеді. Адлердің пайымдауынша «әлеуметтік қызығушылық» адам табиғатының бөлігі болып табылады және ол адамның потенциалы. Сондықтан «әлеуметтік қызығушылықты» дамыту пайдалы өмір салтын қалыптастырудың алғышарты. Адлер сонымен қатар «әлеуметтік қызығушылықты» психикалық денсаулықтың өлшемі ретінде қарастырады.
  • Адлер жеке адам сезімін тәрбиелеудің маңыздылығына назар аударды. Ол адамның сезімін, эмоциясын, ойлауын және мінез-құлқын тек сол адамның өмірлік тәжірибесінен түсінуге болады деп есептейді.
  • Адлер адамның өз кемшіліктері мен қабілетсіздігі туралы теріс сезімдері оның психикалық денсаулығына тигізетін әсеріне назар аударды. Адлердің ойынша бұл сезімдер ерте жастағы бағаланбаудың, физикалық шектеулердің немесе аяушылық (эмпатия) болмауының нәтижесі деп түсіндіреді.
Альфред Адлер

Топтық кеңес беру, халыққа білім беру және отбасылық кеңестер жүргізу арқылы Адлер көпшілікке психология туралы сабақ берді. Ол көпшілікке психология туралы үйрету адамның психикалық жағдайын жақсарта алады деп үміттенді. Оның жеке психологиялық терапиясының мақсаты деструктивті және дисфункционалды өзін-өзі басқару сенімдерін жоққа шығару және осы әрекеттерді «әлеуметтік қызығушылық» сияқты жаңа әлеуметтік күш беретін құралдармен алмастыру болды. Яғни, Адлердің психикалық көмегі позитивті психологияның негізін қалады.

«Адлериан психология» саласы ақыл-ой денсаулығы адамның жеке басына және қоғамға қосқан үлесіне байланысты деп санайды және ол ерік-жігердің күшіне сенеді.

Көп адамдар Цинизмге бой алдырып басқалардың әлеуметтік іс-әрекетінен қандай да бір сұрқия мақсат іздеп, жаугершілік тілеп тұрады. Бұл жағдайды да түсінуге болады. Адлер психоталдауына негізделсек бұндай адамдардың көбі бала күнінен сондай қатаң бәсекеге толы ортада өскен, немесе сондай жағдайлардың құрбаны болған. Тағы біреулері білімі кемшіл болғандықтан сондай сенімдерге шарасыз сенгендер. Бұндай адамдардың санасында Адлер айтқан «әлеуметтік қызығушылықтың» сәулесі қонбаған. Сондықтан да олар әлеумет үшін, немесе басқа да ортақ мүдде үшін қызмет ететін адамдардың мотивін әрқашан белгілі бір жеке мақсатқа, жеке пайдаға балап тұрады.  

Енді Билл Гейтске келейік. Оның бар байлығын жұмсап адамзат денсаулығы үшін істеп жүрген ісі мен атқарған орасан зор қамқорлығы жақсы бағаланып жатса да біршама адамдар тарапынан күмәнге ілініп, жамандыққа жорылып жүр. Шын мәнінде Билл Гейтсті «әлеуметтік қызығушылығы» жоғары адам деуге әбден негіз бар. Гейтс сияқты әлеумет үшін аянбай еңбек еткен, бар малын шашқан адамдар тарихта аз болған жоқ.

Пандемия кезінде жаңалықтардан Джонс Хопкинс университеті Ковид-19 жайлы түрлі ақпарат таратқаны туралы жиі естіп қалып жүрген боларсыз. Әлемді аузына қаратқан бұл білім ордасы сол аты берілген жомарт Джонның түгел ақшасымен 1876 жылы құрылған болатын. Аты алты құрлыққа мәлім Рокфеллер де 80 миллион доллар қаржы беріп, кішкентай жергілікті колледжді әлемге әйгілі Чикаго университеті етіп жасақтағанын біреу білсе біреу білмес. Мұсылман әлемінде де бұндай ақ жүректі адамдар аз болған жоқ. Кувейт елінен шыққан Абдурахман Ас-Сумейт бүкіл Африка құрлығына бар малын шашып қара құрлықтағы білім мен медицинаның дамуына қосқан үлесі қанша ма?! Қазақтың рухани атасы болған Абай Құнанбайұлы да бір кездері әкесінің асына арнаған 100 жылқысын сатып интернаттағы оқушы балаларға таратып бергенін жақсы білерсіздер.

Бұл адамдардың барлығы сонда істеген жақсылықтарын өздерінің жасырын мүддесі үшін жасағаны ма? Әрине олай емес. Олар рухани өрлеуге қол жеткізген, өзі өмір сүріп отырған әлеуметтік ортаның тұтас мүддесі үшін күрескен адамдар. Адлер тілімен айтар болсақ олар «әлеуметтік қызығушылығы» кемеліне келген тұлғалар.

Ешкім байлығын өзімен бірге арғы дүниеге алып кете алмайды. Дегенмен бала-шағасына қалдыруына болар еді ғой. Жоқ, бала-шағаның несібесі өз алдына. Жомарт жандар үнемі алдымен әлеуметті ойлайды, адамзаттың ортақ мүддесі үшін күйінеді. Олардың санасындағы «әлеуметтік қызығушылығы» басым деңгейге шыққанда олар байлығын балаларына да қия алмайды.

Соңғы жылдары әлемде байлығын баласына қалдырмау туралы шешім қабылдаған миллиардерлер қарасы көбеюде. Бұл тізімді Билл Гейтс бастаса, қатарында Уоррен Баффет, Майкл Блумберг, Марк Цукербергтер бар. Демек адамзат арасында ортақ мүдде үшін күресіп жүрген жандардың саны артып келе жатыр. Іләйім «әлеуметтік қызығушылығы» оянған жандар молынан болсын!

Дайындаған – Әліпбай Б.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button