БиологияЖаңалықтар

Тіл тек адамзаттың жеке меншігі емес

Ұзақ жылдардан бері ғылым әлемінде тіл тек адамзатқа ғана тән қабілет деген пікір қалыптасқан. Маусымның 26 күні Гарвард университетінің ғалымы Стивен Ферриньо бастаған зерттеу тобы бұл түсінікке түбегейлі өзгеріс алып келді.

Тілдік қабілет ол адамзаттың «рекурсивті тізбектерді» құра білу қабілетімен тікелей байланысты. «Рекурсивті тізбектер» бір сөйлемнің ішіне тағы бір сөйлем немесе тіркес қосып сөйлем мағынасын аша түсу үшін жасалатын құрылым. Мысалы «Мен жаңа әдіспен есепті шештім» деген қарапайым сөйлемдегі «әдіспен» сөзінің алдына біз «мұғалім үйреткен» деген есімше тіркесін қосу арқылы оның құрылымын күрделендіре түсіп мағынасын ашамыз.

Ғалымдар “бұндай құрылымды жасай білу тек адамзатқа қана тән қабілет пе?” деген сұрақпен зерттеу жүргізді. Олар бір топ Резус маймылдарын, 3-5 жас арасындағы ешқандай ресми оқу-тәрбие орнына әлі бармаған балаларды, бір топ ересекті және өмірі мектеп көрмеген Амазон орманын мекендейтін тайпалық қауым өкілдерін тәжірибеден өткізген.

Тәжірибеде жоғарыда айтылған тілдік құрылыммен бірдей бірақ тілдік емес тізбек жасау тапсырмасы беріледі. Бұндай тізбекті құру ережесін ересектер оңай игеріп тапсырманы жылдам орындаған. Амазон орманының тұрғындары да ересектерден көп қалыспай тапсырманы сәтті шешеді. Мектеп жасына тола қоймаған балалар қиындыққа тап болса да жақсы нәтижемен сынақты орындай алған. Зерттеудің осы тұсында ғалымдар «рекурсивті тізбектерді» құра білу қабілеті адамға білім беру жүйесі арқылы берілмейтініне көз жеткізді.

Ең қызығы маймылдардың да бұлдай қабілет танытып берілген тапсырмаларды шеше алуы болды. Жаттығу барысында көп қиындықтарға тап болғанымен, сынаққа қатыстырылған 3 маймылдың екеуі тапсырманы сәтті орындай алған. Тіпті маймылдардың біреуінің нәтижесі балалардың ортақ көрсеткішінен де асып кеткен. Мамандардың айтуы бойынша Приматтардың Нақты қызметтік есі адамдардікімен салыстырғанда мардымсыз, сондықтан олардың қиындыққа тап болуы табиғи құбылыс. Дегенмен олардың тапсырманы орындап, «рекурсивті тізбектерді» сәтті құрылымдауы ғалымдарды ойландырып тастады. Олар енді тіл тек адамға ғана тән қабілет емес, Приматтарда да тілдік қабілеттің алғы шарты бар деген тұжырым жасап отыр.

Егер бұл тұжырым халықаралық ғылыми қауымдастықтың бірыңғай мойындауына ие болса онда көптеген оқулықты қайта жазуға тура келеді.

Дайындаған – Әліпбай Б.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button