ЖаңалықтарМедицина

Вакцинаға қарсы адамдарды қалай көндіреміз?

Көктемнен бері дүниені жайлаған Ковид-19 пандемиясы әлемді әуреге салды. Дегенмен зардабын тартып отырса да дүние жүзі халықтарының біраз бөлігі Ковид-19 вакцинасына түбегейлі қарсы болып отыр. Бұл жағдайдан алаңдаған мамандар халық арасындағы вакцинаға қатысты жаңсақ пікірмен ерте бастан күресу керек деп дабыл қағып отыр.

Әлемнің бірнеше ұйымы халықтың вирусқа қарсы вакцина қабылдауға көзқарасын білмек болып сауалнама жүргізген. Нәтижесінде АҚШ халқының тек 50%-ы ғана «қабылдаймын» деп нақты жауап берген. АҚШ-тың қара нәсілді тұрғындарының 40 пайызы вакцинацияға түбегейлі қарсылық білдірді. Францияда да жағдай мәз емес. 26 пайызға жуық француз вакцина қабылдамайтынын айтқан.

Әлем елдерінде вакцинаға қатысты жаңсақ түсінік жақында ғана қалыптасқан жоқ. Ол бұрыннан бері адамдар арасында тарап келе жатыр. Мысалы, «қызылша» секілді жұқпалы ауруларға қарсы вакцинадан көптеген адам бас тартып келеді. Нәтижесінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «вакцинадан бас тарту» әлемнің бетпе бет келіп отырған 10 денсаулық сақтау проблемаларының бірі деп атады.

Әлемдегі осы вакцинаға қарсы идеялармен күресуді мақсат еткен дүние жүзінің қырықтан астам маманы өткен айда онлайн түрде бас қосып, талқы жүргізді. Олардың пікірінше «халықтың базынасын басатын» нақты шаралар ғана бұндай кереғар идеяларға төтеп береді. Халық көбінде әлеуметтік желілерде жиі тарайтын жаңсақ ақпараттарды көп тұтынады. Ал ресми ақпараттар халыққа ұғынықты бола бермейді, сондықтан да олар халық сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Осы тұста халыққа жақсылап әңгімелеу арқылы ғана олардың сеніміне ие бола аламыз дейді мамандар. Мысалы, вакцина салдырмаудың салдарынан жасы ұлғайған ата-әжелеріңізбен кездесе алмайсыз; супермаркет сөрелерін аралағанда бейне жарылғыш мина төселген жолмен жүріп бара жатқандай сезінетін боласыз деп адамдардың жанына жақын әңгімелермен оларға үгіт жүргізу керек. АҚШ-тың бірқатар ұйымы, тіпті еріктілерді тартып, арнайы видео және мемдер дайындап, таратып үгіт-насихат жасауды да ойластырып отыр.

Дегенмен Солтүстік Каролина университетінің мінез-құлық зерттеуші ғалымы Ноэль Брюер әлеуметтік желідегі ақпараттардың рөлі біз ойлағандай соншалықты ықпалды емес дейді. Джонс Хопкинс университетінің медициналық антропологы Моника Шох-Спананың ойынша вакцинаға үгіттеудің ең тиімді жолы – вакцинаны халыққа барынша жақын ету. Мысалы жұмыс орындарында және сауда алаңдарында вакцина егу пункттері орналастырылуы керек. Бұл вакцина қабылдағысы келетін адамдарға қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар әлеуметтік топтардың басшыларымен, ақсақалдарымен кеңес өткізіп, олардың ойларын білу өте маңызды, дейді ғалым.

Аударып дайындаған – Әліпбай Б.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button