ЖаңалықтарМедицина

Инфрақызыл сәуле адамның көру қуатын қалпына келтіреді

Қартаю өмір цикліндегі табиғи құбылыс. Қартаю барысында ағзадағы түрлі органдардың қызметі әлсірей бастайды. Ғалымдардың пайымдауынша, көз басқа органдарға қарағанда тез қартаяды.

Көз қарашығының артқы қабырғасының 2/3 бөлігін алып тұратын ретина атты бір қабат ұлпа бар. Ол жарық қабылдаушы жасушалардан (photoreceptor cells) құралған. Аталған жасушалар жарықты қабылдап, оны электр сигналдарына айналдырады да сигналды миға жібереді. Мида тиісті талдау жасалып, нәтижесінде біздің қандай затты көріп тұрғанымыз белгілі болады.

Ал көру қуатының әлсіреуі осы жарық қабылдаушы жасушалардың тез қартаюына байланысты. Бұған себеп, бұл жасушаларда митохондрия деп аталатын энергия өндіруші органоидтардың мөлшері жоғары болады. Ал қартаюға байланысты митохондриялардың қызметі баяулай түседі де, митохондрия энергия өндірудің орнына жасуша өліміне алып келеді. Ақырында жарық қабылдаушы жасушалардан тұратын ұлпаның жарыққа деген сезімталдығы әлсірей түседі.

Ағылшын ғалымдары «Journals of Gerontology» журналында жариялаған еңбектерінде толқын ұзындығы 670 нанометр болатын қызыл сәуленің ретина қызметін жақсартатындығын айтқан. “Адам 40 жастан асқаннан кейін-ақ көру қуаты көрнекті түрде әлсірей бастайды. Ал толқын ұзындығы 650-1000 нанометр болатын сәулелерді митохондрия жақсы сіңіреді және осы сәулелер митохондрияның энергия өндіру қызметіне аса пайдалы”, – дейді зерттеу еңбегінің бас авторы профессор Джеффери.

Зерттеуге 28 бен 72 жас аралығындағы, көру қуатында ешқандай ақауы жоқ 24 адам (12 ер, 12 әйел) қатысқан. Зерттеу тобы қатысушыларды толқын ұзындығы 670 нанометр қызыл сәулелі LED шамына 2 апта бойы күніне 3 минуттан қаратып қойған. Екі аптадан соң зерттеу тобы 40 жастан жоғарғы қатысушылардың көру қуатының 20%-ға дейін жақсарғанын байқаған.

Профессор Джеффери бұл зерттеу нәтижесі бейне бір батареяны қайта қуаттағанымыз сияқты, ретина жасушаларын сәулелер арқылы энергиямен қуаттауымызға болатындығын дәлелдеді дейді. Сонымен қатар, зерттеушілердің айтуынша, бұндай көруді оңалту технологиясы арзан, қолайлы әрі қауіпсіз болып отыр.

Зерттеуге қолданылған қызыл сәулелі шырақ (University College London сайтынан алынды)

Қызыл сәуле тарататын бұндай құрылғының бір данасының бағасы 12 фунт, шамамен 5000-6000 теңге тұрады екен.

Дайындаған – Бүркітхан Ақбайұлы.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button