Медицина

500 жыл бұрынғы қазақ ғұламасы дәрумен мен судың жұқпалы ауруға қарсы пайдасын білген

Осыдан 550 жылдай бұрын ұлы шипагер бабамыз Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік Баян» атты кітабында науқас себепкерлері жайлы тоқталғанда, қоршаған ортада көзге көрінбейтін ауру тудырушы денелердің бар екенін көзбен көрмесе де сезіп баяндап кеткен. Бұл қазіргі ғылым тілімен вирус, бактерия, паразит деп аталатын микробтар.

“Кез келген сырқат – көзге көрінбейтін құрт түріне байланысты әр түрлі болады. Себебі әр кеселдің белгісі әр түрлі. Құрт біреу болса, ауру түрі де біреу болып, емдеу әдісі де біреу болар еді”, – дейді шипагер бабамыз. (“Шипагерлік Баян” ескіше жазбада, 131-бет). Демек бір антибиотиктің барлық микробтарды өлтіре алмайтындығына да көз жеткізген.

Ғұлама шипагердің пайымдауына негізделгенде коронавирусқа қарсы не ем жасау керек? Меніңше бұл індет болған жерден ат басын ала қашумен бірге денеміздегі табиғи сырқатқа төтемелі қуатты (иммунитетті) арттыруға да аса назар аудару қажет! «Дене қуат төтемі» жайлы «Шипагерлік баянда» Өтейбойдақ өз кешірмелерін былай деп жазған: «Ажырияның 1162 жылы Шал көде мен Жаркентте оба таралып, бір тайпа елден мыңдап адам қырылып жатқанда, менің “семізкөк” (қарбыз) жеп жаным қалды (“Шипагерлік Баян” көнеше жазбада, 122-бет).

Қазіргі таңда қарбыздың иммунитетті көтеретіндігі ғылыми тұрғыда дәлелденген. Қарбыздың құрамында A, B1, B6, C сияқты адам ағзасына аса пайдалы дәрумендер (витамин) бар. Сонымен қатар, қарбызға қызыл түс беріп тұратын ликопин (lycopene) деп аталатын қызыл пигменттің (бояудың) иммундық жүйеге пайдасы зор, себебі бұл пигментте антиоксиданттық қабілет бар. Ол түрлі стресстердің әсерінен пайда болатын ағзаға зиянды молекулалардың жасушаларды зақымдауының алдын алады.

Қарбыздың құрамында су мөлшері көп болатындығы бәрімізге белгілі. Сондықтан қарбызды тұтынсақ, дене сүйықтықтарының айналысы жақсартып, кіші дәреттің мөлшері артады да, денедегі уыттың несеп арқылы сыртқа шығуына көмектеседі.

Демек, індет кезінде тамақтануға да баса мән бергеніміз жөн. Дәруменге бай тағамдарды және сусындарды көп тұтынуымыз керек. Саумал, қымыз, және шұбат сияқты ұлттық сусындарымызды тұтынудың пайдасы да зор болмақ.

Тұрсонжан Тоқай, Назарбаев университетінің профессоры, медицина ғылымдарының докторы, нерв ғылымдарының PhD-і.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button