Шет елдерде Ковид-19 тесті қанша тұрады

Жақында әлеуметтік желілерде коронавирусқа тестілеуге арналған ПЦР тестінің өзіндік құны 833 теңге тұрады деген қауесет тарап, халық арасында біраз талқыға түсті. Осы тұста біз шетелдік БАҚ-қа шолу жасап әр елдегі ПЦР тестінің бағасы қанша тұратынын білдік.

АҚШ

Құрама штаттарында Ковид-19 наурыз айынан бастап өршігендіктен ел ішіндегі зертханалар сәйкесті тест дайындау ісін ерте жолға қойған. Қазір АҚШ-та ПЦР тесті кеңінен қолданылып жатыр. New York Times-тың жазуына қарағанда бір рет тестілеуден өту 100 – 2 315 АҚШ доллары тұрады. Бұл теңгемен есептегенде шамамен 40 000 – 940 000 теңге аралығында болады.

Ұлы Британия

Британия пандемия басталғанда селқостық танытып тест дайындауда көп кешігіп қалды. Асығыстан біраз тестіні шетелден алдырғанымен олардың көбі жарамсыз болып шықты. Сәуірдің басында Амазон онлайн сауда желісі британдықтарға әр данасы 225 фунт туратын тест сата бастаған. Бұл теңгемен шамамен 115 000 теңге тұрады. Mobihealthnews ақпараты бойынша мамыр айынан бастап «Babylon» британдық сандық денсаулық сақтау компаниясы тұрғындарға өндіру құнынан аспайтын бағамен жаңа тест ұсынған. Яғни оның бағасы 69 фунт тұрады. Қазақ ақшасымен есептегенде ол 35 000 теңге болады.

Жапония

Жапония ғылым-техникаға қатты көңіл бөлетін ел. Дегенмен бұл елде де тестің бағасы тым шіркін-ай емес. «Жапония экономикалық жаңалықтары» сайтының жыл басындағы таратқан ақпаратында бір тестің бағасы 13500-18000 йен аралығында болған. Дегенмен тұрғындар денсаулықты сақтандыру қорының көмегі арқасында бұл соманың тек 30% -ын төлейді. Сонда да әр бір тестілеудің құны теңгемен есептегенде 13 000 -20 000 теңге аралығында болады екен.  Livedoor порталының өткен аптада жариялаған бір ақпаратында қазір Жапонияда бір тесті 8 000-18 000 йен аралығында сатылуда. Бұл шамамен 30 000 – 68 000 теңге болады. Әрине бұл бағаның жартысынан астамын тұрғындар денсаулықты сақтандыру қорының көмегімен төлей алады.

Қытай

SINA агенттігінің мәлімдеуінше Қытай үкіметі ковид-19 тестілеуге арналған комплектің бағасын арзандатуға шешім қабылдаған. Бұрын Пекинде бір қораптың бағасы 180 юән болса, шілдеден бастап ол 120 юәнға сатылады. Шанхайда тіпті арзан. Бір тест комплектің бағасы 120 юәннан 40 юәнға бірақ түсетін болыпты. Сонымен Қытайдағы тестінің бағасы шілде айында  теңгемен шамамен 2 300 -12 000 аралығы болады.

Оңтүстік Корея

Оңтүстік Кореядағы тесті бағаларын білу қиынға соқты, себебі ешқандай ақпарат көзі бұл туралы хабар таратпаған. Сеул университетінде медицина саласы бойынша докторантурада білім алып жатқан бауырымыз Таубабек Ерланның айтуынша Корея еліндегі кезкелген азамат тесті тегін тапсыра алады. Дегенмен сіз вирус ошағында болған жағдайда немесе сізден ауру белгілері байқалған жағдайда ғана сізге тесті тапсыруға тура келеді. Ал егер сіз өзіңіз жағдайыңызды білгіңіз келіп қалай да тапсырамын десеңіз, онда тест бағасы 125 000 – 270 000 вон аралығында болады. Яғни шетел азаматы болсаңыз 270 000 вон төлейсіз, ал жергілікті тұрғын болсаңыз 125 000 вон болады. Бұл шамамен 42 000 – 91 000 теңге аралығында болады екен.

ПЦР тестің бағасы әр елде әр түрлі. Оның бағасы біз ойлағандай бірнеше жүз теңге тұрмайтыны анық. Дегенмен үкіметтің қандай денсаулық сақтау саясатын жүргізіп, халықты қалай қорғайтынына байланысты тестің нарықтағы бағасы да әр түрлі болып отыр.

Дайындаған – Әліпбай Б.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *