ЖаңалықтарТаң-тамаша

Қарғалар неге ақылды?

Қарға құстардың ең қырағы әрі ақылдысы. Олардың ақылдылығы туа біткен қасиет емес көрінеді. Керісінше олар ұзақ уақыт үлкен қарғалардың баулуында болады екен.

Германия, Британия, Қытай және Жаңа Зеландия елдерінің біріккен зерттеу тобы қарға тұқымдастарының тобына және олардың миына зерттеулер жүргізген. Зерттеу қорытындысы қарға тұқымдастарында миының көлеміне қарай когнитивтік (танымдық) қабілеттері жоғары болатынын көрсеткен.  

«Филогенетикалық салыстырмалы талдаулар кезінде біз қарға тұқымдастарының денесі үлкендеу болатынын, жетілуінің ұзақтау болатынын, ата-аналарының бағып-қағуы ұзаққа созылатынын және милары “Торғайтәрізділер” тобындағы құстардан салыстырмалы түрде үлкендеу болатынын анықтадық» делінген мақалада.

Ғалымдар бұл танымдық жетілуді қарға тұқымдастарының өз балапандарын ұзақ уақыт қанатының астына алып бағып-қағатынымен байланыстырады. Қарғаларда әлеуметтік топтық құрылым қалыптасқан. Олар, әсіресе, бір ұядан ұшқан балапандармен тығыз топтасып жүреді. Ұзаққа созылған ата-ана қамқоры қарғалардың әлеуметтік топ ішінде қорғалып, ұзақ өмір сүруіне сеп болады. Осы барыста балапан қарғалар үлкен қарғалардан үйреніп, тіршілікке қажетті шеберлікке жаттығады. Ал эволюциялық тұрғыда бұл шеберліктер қарға тұқымдастарының түрлі қиындықтарды жеңіп, аман қалуына сеп болады.

Осы зерттеуге негізделіп ғалымдар адамзаттың да балалық шағының ұзаруы, ата-ана қамқорлығының күшеюі олардың танымдық эволюциясына оң ықпал еткенін алға тартады.

Видеода Сібір Абдырықтарының (қарға тұқымдасының ең кіші түрі) шеберлігі мен қарғалардың таяқшаны қолданып азық іздегенін көре аласыздар.

Дайындаған – Әліпбай Б.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button