
Тасуку Хонджо Жапонияның атақты иммунологы. Ол қатерлі ісік ауруларын зерттеуде ерекше жаңалық ашқан ғалым. Дегенмен оның осы жаңалығы өз деңгейінде бағаланбаған секілді. Оған қомақты қаржы уәде еткен «Оно» фармацевтикалық компаниясы 2017 жылдан бері еш қаржы төлемеген.
Істің жай-жапсары мынадай. Киото университетінің иммунологы болып жұмыс істейтін Тасуку Хонджо 1990-шы жылдары Бағдарламаланған жасуша өлімі ақуызы 1 (PD-1) деп аталатын жасуша өмірін реттейтін ақуызды ашқан. Бұл ақуыз жасушалардың бетінде орналасып, иммундық жүйенің жасушаларға реакциясын реттейтін маңызды кілт болып табылады. Олар иммундық жүйедегі Т-лимфоциттері белсенділігін басып, ағзадағы жасушаларды иммундық жүйе шабуылынан қорғайды. Қатерлі ісіктерде де осындай ақуыз болғандықтан оларды иммундық жүйе әдеттегі жасуша деп қабылдап, шабуылдамайды. Егер қатерлі ісіктегі осы ақуыздардың белсенділігі жойылса, онда қатерлі ісік жасушалары иммундық жүйе тарапынан жойылып, ісік сәтті басылады. Бұл жаңалығы үшін Тасуку Хонджо 2018 жылғы физиология және медицина саласы бойынша Нобель сыйлығын алған еді.
Профессор Хонджон зерттеуінің нәтижесінде дәл осы ақуыздың белсенділігін мақсатты түрде басатын түрлі дәрілер жасала бастады. Жапония университеттерінде патентті рәсімдеу мен қорғау ісі жақсы жолға қойылмағандықтан порфессор Хонджо Осака қаласындағы «Оно» фармацевтикалық компаниясымен бірігіп өз патентін қорғайды.
2014 жылы әлемдік алпауыт «Мерк» фармацевтикалық компаниясы Keytruda деп аталатын PD-1 рецепторларын нысанаға алатын дәріні өндіруге рұқсат алып, шығара бастайды. Алайда «Оно» фармацевтикалық компаниясы мен оның серіктестері «Меркті» өздерінің зияткерлік құқығына қол сұқты деп сотқа шағымданады. Бұл сот барысында профессор Хонджо маман ретінде тартылып, «Меркке» қарсы ғылыми дәлелдер көрсетеді. Сот ақыры профессор Хонджо және «Ононың» жеңісімен аяқталады. «Мерк» «Оноға» 625 млн доллар патенттік роялти өтеуге және дәрі сатудан түскен пайданы 2026 жылға дейін бөлісуге мәжбүр болады.
Бұл сот ісіне профессор Хонджоның тартылатыны «Ономен» болған бұрынғы келісімшартта қамтылмағандықтан екі тарап ауызша келісіп Хонджо сот арқылы «Мерктен» өндірілетін қаражаттың 40%-ын алатын болады. Алайда бірнеше жыл өтсе де «Оно» профессор Хонджоға әлі көк тиын төлемеген. Арада бірнеше қайтара келіссөз жүреді. Бірақ бәрібір нәтиже болмайды. Әу баста профессор бұл қаржымен Киото университетінде болашақ зерттеушілерді дайындаймын деп жоспарлаған көрінеді. Бірақ мақсаты іске аспаған профессор қатты қапа болса керек, енді «Ононың» өзін сот залына шақырып отыр.
Дайындаған – Б. Әліпбай.