ЖаңалықтарМедицина

Күз бен қыс айларындағы тұмау мезгілінде КОВИД-тың таралуы және қаупі қалай болмақ?

Оңтүстік жарты шарда қазір қыс мезгілі. Ал көктемде коронавирус пандемиясы басталғанда оларда күз кіріп келе жатқан болатын. Осы орайды пайдаланып Оңтүстік Африка ғалымдары мен зерттеушілер дәстүрлі жұқпалы тұмаулар мен КОВИД-тың өз ара ықпалын зерттеуге тырысқан. Алайда Оңтүстік Африканың Жұқпалы аурулар ұлттық институты (NICD) мамандары күткен тұмау маусымы жылдағыдан әлде қайда тыныш өткен. Осы жылдың наурыз айынан бері аталмыш орталық жұқпалы тұмаудың тек бір жағдайын тіркеген. Бұндай жағдай бұрын соңды болып көрмеген дейді орталық қызметкерлері. Бұны ғалымдар адамдардың карантинде болып, сыртқа көп шықпай және маска сияқты сақтану шараларын қолданғандығымен түсіндіріп отыр. Тағы бір себеп – клиникалардың көп сандысы карантин себебінен жабық болғандықтан адамдар тұмауратса да келіп қаралмаған болуы мүмкін.

Осыған ұқсас жағдайлар Австралия, Жаңа Зеландия және Оңтүстік Американың кей бөліктерінде де байқалған. Мысалы Аргентинада соңғы үш жылдағы жұқпалы тұмау жағдайы мынадай болған: 2018 жыл 1517 жағдай, 2019 жыл 4623 жағдай, ал 2020 жыл тек 53 жағдай.

Енді солтүстік жарты шарда да осыдай жағымды жағдай болуы әбден мүмкін. Алайда мамандардың айтуы бойынша карантин шаралары мен әлеуметтік арақашықтық сақталмаса жұқпалы ауру тарамайды деп айту да қиын. Ал егер шынымен КОВИД пен жұқпалы тұмау қатар тараса онда денсаулық сақтау жүйесіне ауыр салмақ түсуі мүмкін дейді алаңдаған ғалымдар.

Тұмау мен КОВИД қатар жұқтырған жағдайда адамдарға қалай әсер ететінін зерттеген мамандар түрлі болжамдар айтуда. Соңғы бір зерттеуде КОВИД пен тұмау тудыратын вирусты қатар жұқтырған 24 науқасты зерттеген мамандар науқастарда КОВИД-тен болатын әсерлерден басқа қалыпсыз жайттар байқалмағанын жазған. Дегенмен бұл зерттеудегі қатысушылардың саны тым аз болғандықтан оның қорытындысын жалпы жағдайға телуге де келмейді.

Глазго университетінің мамандарының айтуынша бір вирусты жұқтыру тағы бір вирустың жұғуын оңайлатса, үшінші вирустың денеге енуін тежейтін көрінеді. Мысалы, А типті жұқпалы тұмау вирусы сырқаттың басқа тұмау вирусын жұқтыру мүмкіндігін төмендетсе, респираторлық синцитиалды вирус CoV-OC43 вирусының (коронавирустың бір түрі – ред) жұғу мүмкіндігін жоғарылатады екен.

Жұқпалы тұмаудың оңтүстік жарты шарда кең тарамауы ғалымдарға тағы бір қиындық тудырып отыр. Яғни, осы тұмау маусымында қандай тұмау түрі таралуын ғалымдар әлі білмейді. Бұл дегеніңіз келешекте сәйкесті вакцина дайындауға ешқандай қажетті толық дерек жоқ деген сөз.

Дайындаған – Әліпбай Б.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button