Жаңалықтар

Ероодақ ғылымға бөлінетін қаржыны азайтты, ал АҚШ ғалымдарын бақылауды күшейтпек

Шілденің 21 күні Еуроодақ парламенті ел басшыларымен 4 күнге созылған талас-тартыстан кейін 7-жылдық €1.7 триллион тұратын одақ бюджетін бекітті. Дегенмен Еуроодақ комиссиясы ұсынған €94.4 миллиард ғылыми зерттеу бағытына бөлінетін қаражатты одақ елдерінің басшылары қысқартып тастады. Енді одақ ғалымдары €81 миллиард місе тұтпақ.

Еуроодақтың «Горизонт Еуропа» деп аталатын басты ғылыми зерттеу бағдарламасына 2020 жылғы бюджеттен €80 миллиард бөлінген болатын. Мамандардың пікірінше бұл қаражат елдегі ғылым салаларының дамуын қамтамасыз етіп қоймай, қосымша 180 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға көмектеседі. Жоспар бойынша ғылымды қаржыландыру жыл сайын өсіп отыру керек еді, дегенмен пандемия және Британияның одақтан шығуы сияқты бірнеше себептер салдарынан жоспар орындалмай қалатын сияқты.

Егер күткен қаржы бөлінгенде пандемия кезінде ғылыми зерттеу жанданып, одақ елдері болып жатқан дағдарысты тез еңсеріп, экономиканы қалпына келтіру оңай болар еді дейді, Еуроодақ комиссия мүшелері.

Еуроодақ ғылым саласы негізінен төрт бағытқа бөлінеді: денсаулық сақтау; климат, энергия және қозғалыс; индустрия және ғарыш; жаңа еуропалық инновация кеңесі. Одақтағы ғалымдардың айтуынша еуро аймағында ғылым мен инновация саласы АҚШ және Жапония сияқты елдерден кейін қалып отыр. Сондықтан белсенді қаржыландыру аймақтың ғылым саласын көтеріп, адамдардың өмір сүруін жақсартуға көмектесер еді дейді.


Шілденің 23 АҚШ конгресінде қос партияның бірдей қолдауымен жаң заң күшіне енді. Бұл заң бойынша АҚШ үкіметі бұдан былай зерттеушілердің қаржыларын қадағалау ісін күшейте алады. Сонымен бірге, ғалымдар өздерінің зерттеу жұмысы үшін ұтып алған немесе «сыйға» алған қаржылардың қандай ұйымдардан келгені туралы ақпаратты ашық ұстауы талап етіледі.

Қос партия қолдаған «Ұлттық қауіпсіздік және үкімет істері жөніндегі комитеттің американдық инновацияны қорғау акті» деп аталатын заңның негізгі мақсаты шетелдік үкімет немесе қандайда бір ұйымдардың АҚШ зерттеу орталықтарында жұмыс істейтін мамандармен байланысын бақылауға бағытталған. Бұл заң аясында шетелден келетін зерттеуші ғалымдардың саны шектелуі мүмкін. Сонымен қатар магистратура және докторантураға түсіп оқитын шетелдік студенттердің іс-қимылдары да қатаң бақылауға алынуы мүмкін. Дегенмен, заң жобасын ұсынған сенатор Роб Портманның айтуынша бұл заң бакалавр дәрежесін алу үшін АҚШ-қа келем деуші студенттерге ешқандай кедергі келтірмейді.

Заң күшіне енбес бұрын АҚШ-тың жоғары оқу орындарының бірнеше ұйымы бұл заңға қарсылығын білдіріп конгреске наразылық хатын жолдаған. Дегенмен заң бәрі бір конгрессте еш кедергісіз қабылданып кетті.

Дайындаған – Әліпбай Б.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button