ЖаңалықтарМедицина

Жаттығу жасау ми қызыметін жақсартады

Сан-Францискодағы Калифорния университеті (UCSF) ғалымдары тұңғыш рет жаттығу түріндегі қимыл-әрекеттер бауырдың «gpld 1» деп аталатын фермент бөліп шығаруына көмектесетінін анықтады. Бұл фермент өз кезегінде жүйке жүйесінің қызметін жақсартып, мидың танымдық қуатын арттыра алады.

Жаттығудың денсаулыққа пайдасы өте көп. Жаттығудың ең маңызды бір қызметі оның миға пайдалы әсер етуі. Көптеген зерттеу нәтижелері физикалық жаттығулар қартаюдың миға тигізетін кері әсерін кешіктіріп, тіпті тигізген залалын жоятындығын да көрсетті. Сонымен қатар, жаттығу жүйке жүйесінің қызметінің әлсіреуі мен психологиялық соққылардан келіп шығатын әртүрлі ми және жүйке жүйесі ауруларының алдын алып, ми қызметін жақсартатындығын дәлелдеген [1-3].

Алайда мұның сыры (механизімі) ашыла қоймаған еді. Жуырда, UCSF ғалымдары бұл сырды ашып зерттеу нәтижелерін әйгілі “Ғылым” (Science) журналында жариялады. Ғалымдар жаттығулардан кейін тышқандардың бауырында «gpld1»  ферментінің көп мөлшерде синтезделетіндігін алғаш рет анықтаған. Бұл фермент мөлшерінің жоғарылауы тышқандар миының Гиппокамп делінетін бөлігіндегі нейрондардың қайта өсіп жетілуіне ықпал еткен және қартайған тышқандардың танымдық қабілетін жақсартқан. Сонымен қатар, зерттеушілер үнемі дене жаттығумен айналысатын сау денелі егде адамдардың қанында да «gpld1» деңгейінің басқа қарттарға қарағанда жоғары болатындығын байқаған.

Бұл зерттеулердің тағы бір басты жаңалығы мынада: жаттығу жасамаған тышқандардың бауырында «gpld1»  ферментінің синтезделу мөлшері химиялық түрде жоғарылатылған жағдайда да «gpld1» ферментінің миға пайдасы болатыны анықталған. Демек, егер «gpld1» ферментін синтездеуге көмектесетін ағзаға зиянсыз дәрілер жасалса қозғалысы шектелген, жаттығу жасай алмайтын адамдарға да көмектесуге болады деген сөз.

Әдебиеттер:

[1].Erickson K I, Voss M W, Prakash R S, et al. Exercise training increases size of hippocampus and improves memory[J]. Proceedings of the National Academy of Sciences, 2011, 108(7): 3017-3022.

[2].Maass A, Düzel S, Goerke M, et al. Vascular hippocampal plasticity after aerobic exercise in older adults[J]. Molecular psychiatry, 2015, 20(5): 585-593.

[3].Horowitz A M, Villeda S A. Therapeutic potential of systemic brain rejuvenation strategies for neurodegenerative disease[J]. F1000Research, 2017, 6.


Авторы – Тұрсонжан Тоқай, Назарбаев университетінің профессоры, медицина ғылымдарының докторы, нерв ғылымдарының PhD-і.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button