UncategorizedЖаңалықтар

Ғалымдар: 80 жылдан кейін кейбір елдер халқының саны екі есе азаяды

14 шілде АҚШ-тың Вашингтон университеті жанындағы Денсаулық сақтау метрикасы және бағалау институты (IHME) дүние жүзі халқы санының 2100 жылға дейінгі жаңа болжамын жария етті. Бұл мақалада әлем халқы санының өсу қарқыны жылдан-жылға төмендеп бара жатқаны айтылады. Сонымен қатар, мақала болашақтағы демографиялық өзгерістердің экономикалық және геосаяси әсерін де бағалаған.

Мақаланың қорытындысына сүйенсек, жаһандық туу коэффиценті 2100 жылы 1.66-ға дейін құлдырайды. 2015 жылы бұл көрсеткіш 2.49 болған. Яғни 2015 жылы әлемде орта есеппен әр отбасында 2.49 бала дүние есігін ашса, 2100 жылы бір ерлі-зайыпты небәрі 1.66 баланы дүниеге әкеледі екен. Халық санының өсу қарқыны жылдан-жылға төмендеп, 2064 жылға жеткенде әлемде 9.73 миллиард адам өмір сүреді. Бұдан кейін біртіндеп азайып 2100 жылға жеткенде әлемде 8.73 миллиард адам қалатын көрінеді.

Зерттеулер сондай-ақ, әлемнің көптеген елінде демографиялық жас ерекшеліктерінің де өзгеретінін көрсетеді. 2100 жылы әлемде 65 жастан асқан 2,76 миллиард қарт болса, 20-ға толмағандардың саны 1,70 миллиард адам болмақ.

2100 жыл әлемде халық саны ең көп бес мемлекет мыналар деп болжанып отыр:

 МемлекетХалық саны (2020)Халық саны (2100)
1Үндістан1.38 миллиард1.09 миллиард
2Нигерия206 миллион791 миллион
3Қытай1.43 миллиард732 миллион
4АҚШ331 миллион336 миллион
5Пәкстан220 миллион248 миллион

Ал Қазақстан мен оның көршілерінің демографиясында да үлкен өзгерістер болады. Болжам бойынша, 2100 жылы Қазақстанда 30 миллион адам өмір сүреді. Көршіміз Ресейде халық саны қазір 140 миллион болса, 2100 жылы ол 106 миллионға дейін құлдырайды. Бұдан басқа, өзбектер 44 миллион, қырғыздар 12.5 миллион, түркмендер 9 миллион, ал тәжіктер 23 миллион болады екен.

2050 жылға қарай әлемнің 151 елінде жалпы туу коэффиценті ауыстыру коэффицентінен (әр отбасында 2.1 баладан) төмен болады деп болжанып отыр. Ал 2100 жылға дейін бұндай елдердің саны 183-ке жетеді.  

Болжалды сценарий бойынша Жапония, Таиланд және Испанияны қоса алғанда, 23 елде 2017 жылдан бастап 2100 жылға дейін халық саны 50%-дан көп азаяды; Қытайда халық саны 48.0%-ға дейін төмендейді. Қытай 2035 жылға қарай ең ірі экономика болады деп күтілгенімен, АҚШ 2098 жылы біріншілікті қайта тізгіндейді.

Халық саны өсіміне әсер ететін факторлар тым күрделі емес. Әйелдердің білім алу деңгейінің жоғарлауы және контрацепцияға қол жетімділік туудың төмендеуіне және халық саны өсуінің баяулауына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде әлемдік экономикаға да әсер етеді. Қытай мен Үндістанда жұмысшылар санының төмендеуі болжанып отыр. Дегенмен Нигерияда жұмысшылар саны тұрақты өсім көрсетеді. АҚШ-та халық санының табиғи өсімі төмендесе де иммиграция елдегі жұмыс күшінің өсуін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, қарттардың көбеюі мен жастардың азаюы экономиканың басым бағыттарының өзгеруіне де әсер етеді. Кей елдер сыртқы миграцияны қолдау саясаттарын жүргізу арқылы еңбек күш мәселесін шешуді жолға қоюы мүмкін. Бұдан басқа, халық санының азаюы әлемдік экологиялық ахуалдың жақсаруына да әсер етеді делінген мақалада.

Дайындаған – Б. Әліпбай.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button