Кітап

Бозғылт көк нүкте: адам болашағын ғарыштан болжау

Карл Эдвард Сейган (09.11.1934 ж. – 20.12.1996 ж.) – америкалық астроном, планетолог, космолог, астрофизик, астробиолог, автор, ғылымды халыққа дәріптеуші және ғылым журналисі. 20-дан астам кітаптың авторы.Төменде назарларыңызға Сейганның “Бозғылт көк нүкте: адам болашағын ғарыштан болжау” деп аталатын кітабынан үзінді ұсынып отырмыз.

«Анау бозғылт нүктеге тағы бір қараңызшы. Міне, бұл біздің мекеніміз. Бұл біздің жер. Онда сіз жақсы көретін әр адам, сізге таныс әрбір жан, сіз естіген әр тұлға, бұрын-соңды өмір сүрген барлық жұмыр басты пенде өмір сүріп өтті.

1990 жылы 14-ақпанда Voyager-1 ғарыштық зонды түсірген жердің суреті. Қоңыр жолақтың ортасындағы кішкентай бозғылт нүкте – Жер.

Біздің барлық қуаныш пен қайғы-қасіретіміз, өзіне сенген мыңдаған конфессиялар, идеологиялар мен экономикалық ілімдер, әрбір аңшы мен жыртқыш, әрбір батыр мен қорқақ, әрбір өркениет құрушы мен оны бұзушы, хан мен қара, бір-бірін құлай сүйген әр жұп жас жұбай, ана мен әке, зор үміт күттірген бала, әрбір өнертапқыш пен ізденуші, әрбір абыройлы ойшыл, әрбір жемқор саясаткер, әрбір «супер жұлдыз», әрбір «құдіретті басшы», адам тегінің тарихындағы әрбір әулие мен күнәһар осы жерде – мына күн сәулесінде жылтыраған шаңның тозаңындай түйіршікте өмір сүрді.

Жер – байтақ ғарыш аренасындағы өте кішкентай сахна. Осы түйіршіктей жер бетінің бір бұрышындағы тұрғындарының  екінші бұрышындағы өзінен көп ерекшелене қоймайтын тұрғындарына деген шексіз қатыгездіктері туралы ойлаңызшы. Олар қалайша жиі араздасады, неге соншалық бір-бірін өлтіруге құмар, жеккөрушіліктері неткен ызалы десеңізші?! Осы кішкентай ғана түйіршіктің бір бөлігінің уақытша әміршісі болуы үшін, салтанат пен даңқ үшін императорлар мен генералдардың өзендей қан ағызғанын ойлаңызшы.

Біздің қыр көрсеткіштігіміздің, біздің тәкаппарлығымыздың, ғаламдағы орнымыздың ерекшелігі туралы қиялымыздың түкке тұрғысыз екенін мынау күңгірттенген жалғыз нүкте көрсетіп тұр. Біздің планета – ғаламдағы үдей түскен қараңғылық ішіндегі жалғыз ғана жарық дақ. Біз еш нәрседен хабарсызбыз. Мынау шексіз ғарыштан өздігінен біреу келіп бізді құтқара қоятын біреу бар дегенге еш дәлел жоқ.

Жер – осы уақытқа дейін бізге белгілі өмір сүруге жарамды жалғыз әлем. Адам тегінің жақын болашақта қоныс аудара қоятын басқа мекені жоқ. Ұшып баруға болатын жер бар ма? Иә. Қоныстануға ше? Жоқ. Ұнаса да ұнамаса да, дәл қазіргі сәтте Жер біздің жалғыз табан тірер мекеніміз.

Карл Сейган

Астрономия ғылымы, бұл адамды кішіпейіл ететін және мінез-құлқын түзейтін ғылым деседі. Адамзат тәкаппарлығының қаншалықты ақымақтық екенін ең жақсы көрсетіп тұрған ол мына біздің кішкентай әлеміміздің алыстан қарағандағы бейнесі. Менің ойымша, бұл біздің бір-бірімізге мейірімді болуымызға және бұрын-соңды білмеген жалғыз мекеніміз – мына бозғылт көк нүктені қорғап, қастерлеуімізге себеп болады.

– Карл Сейган, «Бозғылт көк нүкте: адам болашағын ғарыштан болжау» кітабынан үзінді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button