Жаңалықтар

Арабтар 200 миллион доллармен Марсқа ұшты

2020 жылдың 19-шы шілдесі, жексенбі Біріккен араб әмірліктері «Әл-Амал» бағдарламасы аясында Марста ғылыми барлау жасайтын алғашқы зондын ұшырды. Бұл Араб әлемінің планетааралық зондтарды ұшырудағы алғашқы тәжірибесі болып отыр.

БАӘ-нің «Әл-Амал» бағдарламасы «Мұхаммед Бин Рашид» ғарыш орталығы жүзеге асырып жатқан көлемді жоба. Арабтар өздері жобалаған Марс зонды Жапонияның «Танегашима» ғарыш орталығынан жапониялық «Mitsubishi Heavy Industries H-IIA» зымыраны көмегімен ашық кеңістікке жеткізді. Шамамен 1 сағаттан кейін көлемі SUV көлігімен шамалас болатын ғарыштық зонд зымыраннан бөлініп өз орбитасына түскен. Содан кейін ол күн панельдерін жайып қуат жинай бастаған.

Енді ол ары қарай 7 айға созылатын ғарыштық сапарға аттанады. Соңында ол қызыл планетаның экватор тұсындағы орбитаға орнығып, сонда шамамен бір марс жылы (шамамен жердегі 687 күн) болады. Ол Марстың атмосфера құрылымы және климаттық жағдайларына қатысты деректерді жинап «Мұхаммед Бин Рашид» ғарыш орталығына жеткізіп отырады.

«Әл-Амал» бағдарламасы басқа марстық бағдарламаларға қарағанда әлде қайта тез жүзеге асқан жоба. Қаржы да тым көп жұмсалмаған. Жобаға бас-аяғы 200 миллион АҚШ доллары жұмсалып, не бәрі 6 жылда жүзеге асқан. Ал басқа ұқсас жобалар ондаған жылға созылған. Жобаның сәтті жүзеге асуына себеп БАӘ елінің халықаралық тәжірибелерді, әсіресе АҚШ университеттері мамандарының кеңесін белсенді қолданып, әлемдік серіктестермен жиі тәжірибе алмасуында.

Бұл жолғы ұшырылым сәтті жүзеге асып БАӘ-нің құрылғандығының 50 жылдығына арналған үлкен сый болып отыр. «Әл-Амал» бағдарламасының сәтті жүзеге асуы елдің мұнайға тәуелді экономикасын ғылым-техника бағытына бұруда зор мәнге ие дейді ғарыш орталығының мамандары. Бұл жолда арабтар осымен тоқтап қалмақ емес. Жоспар бойынша олар 2117 жылы Марс планетасында өздерінің колониясын салмақшы.

Тағы бір ескере кететін жай. Әдетте бізге өздерінің діншілдігімен және консервативті бейнесімен көрінетін арабтар бізді ғылымда да, әлеуметтік саясат жағынан да шаң қаптырып кетті. Бұлай дейтін себебіміз олардың жобасы сәтті жүзеге асып қоймай, ол жобаны басқарған ғалымның әйел заты болғанында. Сара Әл Амири атты бас маман «Әл-Амал» бағдарламасының ғылыми бағытын басқарады. Жобаның шашауын шығармай, сәтті жүзеге асырған осы батыр қызға қызыға да қызғана да қарамасқа шарасызбыз.

Дайындаған – Әліпбай Б.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button