Жаңалықтар

Коронавирустың ертеңі

Әлемді жайлаған Covid-19 пандемиясы осы күнге дейін 350 мыңнан астам адамның өліміне себеп болды. 6 миллионға жуық адам осы вирусты жұқтырды. Экономикалық шығын да шаш етектен. Адамзат ертеңін ойлап алаңдап отыр. Дегенмен тарихқа көз жүгіртсек жұқпалы аурулардың барлығы біз ойлағандай қорқынышты емес. Коронавирустың ертеңі де көп аурулардың кешегі тарихымен ұқсап бара жатқанын ғалымдар дәлелдеп отыр.

АҚТҚ вирусы
сурет Wikipedia-дан алынды

Коронавирусты айтудан бұрын әлемді өзінің үрей құрсауында ұстаған бірнеше ауыр дерттердің тарихына тоқтала кетейік. Жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдары әлемде кенеттен ЖҚТБ (AIDS) деген дерт пайда болып оның еш емі жоқ екені туралы қорқынышты хабарлар тарай бастады. Біреулер оны құдайдың адамзатқа жіберген қарғысы десе, біреулер оны адамдардың жеке гигиенаны сақтамауынан, нәпсіге ерік бергеннен деп түсіндіріп жатты. 2019 жылғы статистика бойынша бұл аурудың қоздырғыш АҚТҚ вирусын жұқтырғандардың саны 75 миллионға таяған. Одан қайтыс болғандардың саны 32 миллион адамға жетсе, осы вируспен бірге өмір сүріп жатқан адамдардың саны 36 миллион адам болып отыр. Бір қызығы бұл эпидемияның бастапқы кезеңімен салыстырғанда қазір аурулардың өлім көрсеткіші төмендей түскен. Әрине бұған басты себеп емдеуге қажетті дәрі-дәрмектердің жасалуы, ем-домдардың қолжетімді бола түсуі. Дегенмен кей ғалымдар бұл вирустың адам ағзасына бейімделіп адамды өлімші етіп сырқаттандырмайтын деңгейге түсуі мүмкін дейді. Яғни вирустың уы бәсеңдеген болуы мүмкін.

H1N1 вирусы
сурет Wikipedia-дан алынды

Бұндай жағдай Шошқа тұмауын қоздыратын вирустарда да қайталанған. 1918 жылы пандемияға айналған Испанка деген тұмау дәл осы Шошқа тұмауы вирусының бір түрі болатын. Шошқа тұмауы екінші рет 2009 жылы әлемге тағы бір мәрте тарады. Дегенмен екінші ретте оның өлім-жітім көрсеткіші 1918 жылғы пандемиядан 100 есе төмен болған.  2009 жылы The guardian газеті өз сайтында Британия денсаулық сақтау саласының мамандарына сілтеме жасай отырып шошқа тұмауының көп өзгеріске ұшырап жатқанын, және түрлі сақтану шаралар нәтижесінде вирустың жеңіл түрі ауыр түрін алмастыратыны жайлы айтқан. Бұның себебі қорғаныс шаралары вирустың ауыр түрін жұқтырған адамдарды оқшауланына, емделуге мәжбүрлейді. Ал вирустың жеңіл түрін жұқтырғандар әлеуметтік қарым-қатынас барысында бұл жеңіл түрін жалғасты адамдар арасында тарата түседі. Сондықтан ауыр сырқат тудыратын вирус түрі біртіндеп вирустың жеңіл түрінің кеңінен таралуына жол береді.

Адамға тарайтын аурулардан басқа жануарлар арасында тарайтын түрлі вирустар да уақыт өте келе уы бәсеңдейтін көрінеді.  2016 жылғы бір зерттеуде Австралиядағы жабайы қояндар арасында таралған myxoma деп аталатын вирустың да уақыт өте келе ауру тудыратын қуаты әлсіреп қояндардың тірі қалу мүмкіндігі артқан.

Коронавирустың ертеңін де осылай елестетуге болады. Неміс және Британдық ғалымдардың өткен айда жариялаған біріккен зерттеуінде Covid-19 вирусының әлемге таралу барысында 3 түрі пайда болғаны жайлы айтылады. Қазір бүкіл әлем бұл вирустан қатты зардап шеккендіктен одан барынша қорғануға тырысып жатыр. Қорғаныс шаралары, жоғарыда айтып өткеніміздей, ауыр сырқат тудыратын вирус түрін бәсеңдетіп жеңіл түрінің жалғасты таралуына мүмкіндік береді. Солайша Адамзат қарапайым тұмау мен қатар өмір сүрген сияқты Covid-19 вирусымен қатар өмір сүретін болады.

Аурумен қатар өмір сүрудің биологиялық себебі эволюциялық принциптерде жатыр. Кез келген паразит өзінің иесін өлтірсе өзі де тірі қалмайды. Бұл эволюциялық тұрғыдан өте тиімсіз стратегия. Сондықтан вирус иесі қанша ұзақ ғұмыр сүрсе вирусқа да сонша тиімді болмақ. Әрине, бұл паразиттердің саналы түрде иелерін қорғауы емес, керісінше эволюциялық сараптау нәтижесінде әлсіздеу вирустар мен денсаулығы мықтылау иелердің іріктеліп қалу үдерісі. Бұл іріктеу нәтижесінде адамзат пен вирус өзара тіл табысқандай көрініп бір бірімен қатар өмір сүре береді.

Шындығында адамзат геномының 8% -ға жуығы вирус сияқты сыртқы денелерден келген гендер екені дәлелденіп отыр. Яғни жануарлар вирус жұқтырған соң олардың организмі біртіндеп ол вируспен бітеқайнасып кетіп отырған. Жалғыз жасушадан тартып күрделі организмге дейінгі 4.5 миллиард жыл бойы жалғасқан эволюциялық процессте тіршілік иесі өзара жиі ықпалдастыққа түсіп бір біріне тәуелді өмір сүріп келеді. Паразит пен иенің байланысы осы ұзақ процессте біртіндеп қалыптасты. Тіпті кей организмдер паразит-ие қатынасы деңгейінен асып бір біріне қабысып ажырамас бір организм болып кетті. Мысалы, жануарлар жасушасындағы энергия өндіруші орган болып саналатын митохондрия арғы дәуірлерде жасушаның ішіне енге паразит бактерия екенін ғалымдар дәлелдеп отыр.

Суретте жануар жасушасының ішкі құрылысы көрсетілген. №9 митохондрия
сурет Wikipedia-дан алынды

Түрлі қауіпті вирус және бактерия сияқты паразиттермен қатар өмір сүріп келе жатқан адамзат үшін бүгінгі коронавирус та алынбайтын қамал емес. Ол көп өтпей-ақ адамзат ағзасына зақым келтірмейтіндей деңгейге түсіп адамзатпен қатар өмір сүретін паразитттердің қатарына қосылатынында дау жоқ.

Мақаланы дайындаған Әліпбай Б.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button