ЖаңалықтарМедицина

АҚШ-тың ғылыми этика кеңесі көп зерттеулерге қарсы шықты

АҚШ-тың Ұлттық денсаулық сақтау институты жанынан құрылған Адам ұрығы ұлпаларын зерттеу этикасы жөніндегі кеңесі шілде айында 14 ғылыми жобаны қаржыландыру ісін қарап, олардың 13-ін қаржыландыруға қарсы дауыс берген. Яғни Адам ұрығы ұлпаларын пайдаланып ғылыми зерттеу жасауға ұсынылған жобалардың тек қана біреуі ғылыми этикалық кеңес тарабынан этикаға сай деп танылып отыр.

Америка Құрама Штаттарының денсаулық сақтау және қызмет көрсету министрі мен конгрессі алдында баяндама жасаған ғылыми этикалық кеңес өткен жылы ғана президент Дональд Трамптың әкімшілігімен құрылған. Бұл кеңес Ұлттық денсаулық сақтау институты (NIH) қаржыландыратын адам ұрығы ұлпаларын пайдаланып түрлі ғылыми зерттеу жасайтын жобаларға қосымша этикалық бақылау жасайды.

Кеңестің 15 мүшесі бар. Олардың оны түрлі ғылыми және медициналық мәселелерге өз пікірлерін ашық білдірген. Мысалы ұрық ұлпаларын зерттеу, адамның эмбрионалды бағаналы жасушаларын зерттеу, контрацепция немесе осылар біріктіріле жасалған зерттеулерге кеңес мүшелерінің көбі түбегейлі қарсы. Бұндай зерттеулерді ашық қолдаған тек бір ғана кеңес мүшесі болды.

Кеңестің қалған мүшелері және кеңес төрайымы да әлі өзінің пікірін ашып айтқан жоқ.

Ал адам ұрығы ұлпаларын пайдаланып жасалатын зерттеулердің маңыздылығына келер болсақ. Ол қант диабетінен тартып туа біткен жүрек ақауына дейінгі түрлі аурулар мен жағдайларды емдеу және зерттеуге аса маңызды болып табылады. Сонымен қатар, бұндай ұлпаларды пайдаланып адамдікімен ұқсас иммундық жүйесі бар тышқандарды өсіріп, оларда АҚТҚ сияқты түрлі жұқпалы ауруларды зерттеуге де болады. Тіпті бұндай тышқандар коронавирусты зерттеуге де пайдаланылуы мүмкін. АҚШ-тың денсаулық сақтау және қызмет көрсету министрлігі мамандары да адам ұрығы ұлпаларын жоғарыда аталған зерттеулерде қолданылатын «алтын стандарт» деп баға беріп отыр.

Алайда жаңа ғылыми этикалық кеңестің соңғы шешімі ғалымдарды қатты қынжылтса керек, көбі кеңеске наразы болып отыр. Зерттеушілердің кейбірі ғылыми этикалық кеңес мүшелерінің басым көпшілігі ақ нәсілді екенін алға тартып, кеңесті этиканы жамылған консервативті тиым салушыларға теңеді.

Кеңестің шешімінің заңдық күші жоқ, дегенмен ол шешімді өзгерту үшін жаңа президент билікке келуі керек. Ал Дональд Трамп келесі сайлауда тағы жеңіске жетсе шешімді өзгерту қиынға соғады.  

Дайындаған – Әліпбай Б.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button