АрхеологияЖаңалықтар

Америкалық Үнді тайпалары Еуразия көшпенділерінің туысы екенінің тағы бір дәлелі

Жуырда Германия, Ресей, Оңтүстік Корея және Оңтүстік Африка елдері археологтарынан құралған зерттеу тобы Байқал көлі маңында өмір сүрген ежелгі адамдардың генетикалық материалдарына талдау жасап, «Cell» журналында мақала жариялады. Онда Оңтүстік Сібірді мекен еткен ежелгі тайпалардың араласуы және олардың Солтүстік Америка құрлығына таралуы сөз болады.

Ғалымдардың пайымдауынша кейінгі Тас дәуірінен (б.з.б. 50 000 – б.з.б.10 000 жыл) ерте Қола (б.з.б. 3 300 – б.з.б.1200 жыл) дәуіріне дейін Солтүстік-шығыс Азия, Солтүстік Азия және Каспий теңізі атырабы сияқты аймақтардан келген түрлі тайпалар Байқал маңына кезек кезегімен қоныс тепкен. Бұл тарихи оқиғалар шамамен 10 000 жыл жалғасса керек. Нәтижесінде Еуразия құрлығында күрделі генетикалық араласу орын алған. Осы кезеңде Солтүстік және Солтүстік-шығыс Азияда қазіргі Америка құрлығындағы Үнді тайпалары өкілдеріне ұқсайтын аралас қанды адам нәсілі пайда болған.

Зерттеу тобы Сібірдің түрлі аймақтарындағы 19 қорымнан табылған адам тістері мен самай сүйектерінен генетикалық материалдар жинаған. Бұл адамдар кейінгі Тас дәуірінен ерте Қола дәуірі кезеңіне дейін өмір сүрген. Табылған материалдарды талдау барысында көбісінің генетикалық тұрғыда аралас нәсіл екені анықталып отыр. Нақтырақ айтсақ, бұл ежелгі адамдардың арасында Солтүстік Азиялық тайпалар мен Солтүстік-шығыс Азиаттардың араласуы көбірек байқалады. Қола дәуіріне жататын қорымдарда еуропалық нәсілдің генетикалық белгілері де байқалған.

Қорымдардың бірінен табылған 14 000 жыл бұрынғы бір адам тісінен алынған генетикалық материалды зертханалық саралаудан өткізген ғалымдар бұл тістің иесі қазіргі солтүстік Америкада өмір сүретін Үнді тайпаларымен туыстас екенін анықтады. Дегенмен Үнді тайпалары ертеректе Беринг бұғазынан ары асып кеткендіктен ұзақ уақты оқшауланып, азиаттық туыстарынан алшақтай түскен.

14 000 жыл бұрынғы тісте генетикалық материал қалай сақталды деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Сібірдің салқын әрі құрғақ табиғаты органикалық қалдықтардың бұзылмай ұзақ сақталуына өте қолайлы дейді ғалымдар. Бірнеше жыл бұрын Сібірдің тоң топырағында сақталған мамонттың бұзауы табылған болатын. Оның да еті мен жүні суық ортада еш бүлінбей сақталғанына ғалымдар куә болған еді.

Дайындаған – Әліпбай Б.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button