Жаңалықтар

Ай бетінен су табылды

Қазанның 26 күні NASA ғалымдары Ай бетінен су табылғаны жөнінде мәлімдеді.

1969 жылғы «Аполлон» миссиясы кезінде Ай бетінің топырағы жерге әкелініп сараптама жасалған. Сол кезде ғалымдар ол топырақтың мүлде құрғақ екенін, одан ешқандай су құрамы табылмағанын мәлімдеген болатын. Алайда кейінгі зерттеулер мұны теріске шығарып отыр.

NASA-ның Инфрақызыл астрономия стратосфералық обсерваториясы (SOFIA)  ғарыштағы жұлдыздар, тозаңдар мен басқа аспан денелерін бақылауға арналған құрылғы болатын.  2018 жылдың мамыр айында Ай обсерваторияның бағыттау камерасы аясына тым жақын келгендіктен оның жарық сәулесі ғалымдарға басқа аспан денелерін бақылауда мүмкіндік бермеді. Солайша ғалымдар уақытты босқа өткізбеу үшін Айдың өзін бақылауға алады.

Мамандар телескопты Айдың күн сәулесіне шомып жатқан Клавиус кратеріне бағыттайды. Ол кратерден тараған микро толқындардан су молекулаларына тән 6.1 микрондық инфрақызыл толқынды байқайды. Бұл Ай бетінде судың бір шама көп концентрациясы бар екенін білдіреді. Оның мөлшері бір куб метр топырақта шамамен 340 грамм суға тең. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Сахара шөліндегі құмдағы су концентрациясы Ай бетіндегі су концентрациясынан 100 есе көп. Сонда да бұл айтарлықтай көп дейді ғалымдар.

Айдың Клавиус кратеріндегі топырақта қалып қойған суды бейнелейтін иллюстрация және NASA-ның Инфрақызыл астрономия стратосфералық обсерваториясының (SOFIA) кескіні.
NASA/Daniel Rutter

Дегенмен Айдың тартылыс күші мардымсыз болғандықтан күн сәулесі түскен жердегі су молекулалары буланып ашық кеңістікке ұшып кетуі керек еді. Алайда бұл су концентрациясы қалай ғана сақталып қалғаны ғалымдардың қызығушылығын тудырып отыр.  

Астрономдар бұл сұраққа қатысты бірнеше болжамдар да айтады. Яғни, суды Ай бетіне құлаған микро метеориттер алып келген болуы мүмкін. Немесе күн желімен келген сутегі Ай бетіндегі минералдардағы оттегімен реакцияға түсіп су пайда болуы мүмкін. Ал бұл су молекулалары қалай сақталып қалды деген сұраққа ғалымдар, су молекулаларының майда тас түйіршіктерінің ішінде қамалып қалған болуы мүмкін, немесе ұсақ түйіршіктердің арасындағы көлеңкелі тұстарда сақталған болуы мүмкін деген болжам айтып отыр.

Қалай дегенмен Ай бетінен судың табылуы NASA үшін өте қуанышты жаңалық, себебі аталмыш агенттік үстіміздегі онжылдықта Ай бетіне ғарышкер аттандырып, 2030 жылға қарай онда станция салып ғалымдардың тұрақтап қалуын көздеп отыр.


Дайындаған – Әліпбай Б.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button