Жаңалықтар

Университеттер ғылыми журналдарға қанша қаражат жұмсайды?

Үстіміздегі жылы көктемде Нью-Йорк мемлекеттік университеті кітапханалар консорциумы «Elsevier» баспагерімен арадағы ғылыми журналдарға жазылу туралы келісімшартын тоқтатты деп хабарлайды «Inside Higher Ed» журналы. Пандемия салдарынан университет қаржылық жағдайы тым жақсы емес. Бірақ бұл келісімнің бұзылуының басты себебі ол жаңадан іске қосылған «UnSub» бағдарламасы болып отыр.

«UnSub» жоғары оқу орындарына көмектесіп ғылыми басылымдарға жазылу ісін оптимизациялау үшін таптырмас бағдарлама болып отыр. Бұған дейін «Unpaywall Journals» деп аталатын «Unsub» 2019 жылдың қараша айында іске қосылған болатын. Ол ғылыми қызметтер ұсынатын «Impactstory» фирмасының негізін қалаушы Джейсон Прием және Хизер Пивовар тарапынан жасалған өнім.

 «Unpaywall Journals» бағдарламасы Интернеттегі репозиторийлерде, Препринт серверлерінде және институционалды деректер базасында тегін қол жетімді құжаттардың нұсқаларын іздеп тауып, ғалымдар мен зерттеушілер үшін заңды түрде ақысыз қол жетімді ете алатын бағдарлама болатын. Оны Прием мен Пивовар 2017 жылы жасап шыққан. Дегенмен ЖОО кітапханалары өздері келісімшартқа отырған баспагерлері базасынан алатын деректердің көп сандысына ашық ресурстардан тегін қол жеткізе алатынын білмейді. Сондықтан да Прием мен Пивовар «Unpaywall-дың» қызметін кемелдендіре түсіп, кітапханашылар үшін нақты қандай деректерді тегін ала алатынын, қандай деректерді баспагерлерден сатып алу керек екенін көрсетіп беретіндей етіп жасаған.

Бұрын кітапханашылар көптеген тегін деректерге ақша төлеп жазылып жүрсе енді жаңа бағдарлама бұндай орынсыз шашылуды болдырмауға көмектеседі. Сондықтан да оны «UnSub» (Unsubscribe – жызылмау, жазылуды тоқтату -ред) деп атаған сыңайлы.

Нью-Йорк мемлекеттік университеті кітапханалар консорциумы «Elsevier» қызметіне бұрындары жылына шамамен 10 миллион доллар қаржы жұмсаған болса, енді «UnSub-тың» көмегімен бұл шығын 3 миллионға дейін азайған. Яғни, университет ғылыми журналдарға жазылу үшін кететін қаржының 70%-ын үнемдеп отыр.

Қазақстан университеттері ішінде халықаралық баспагерлерімен тығыз жұмыс жасайтындары өте аз. Бұндай ЖОО-лардың бізге мәлімі тек Назарбаев университеті ғана. Назарбаев университетінің кітапханасы сайтында оның әлемдік 251 ғылыми журналдар базасына жазылғандығы көрсетілген. Дегенмен бұл келісімшарттардың құны қанша екені құпия күйінде қалып отыр. Сонымен қатар, бұл деректердің қаншасын жоғарыда айтқан «UnSub» бағдарламасымен оптимизациялауға болатынын да білмедік.

Мүмкін кітапхана мамандары «UnSub» қызметін қолданып көруі де керек шығар.

Дайындаған – Әліпбай Б.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button