ITЖаңалықтар

«Starlink»: Енді әлемнің кез келген нүктесінен интернетке қосыла аласыз

Илон Масктың «SpaceX» компаниясы 2015 жылдан бері «Starlink» ғарыштық интернет жобасын жүзеге асыруға тырысып келеді. Бұл жоба жерге жақын орбитаға 12 000 жер серігін орналастыру арқылы ғарыштан жер бетіне кең жолақты интернет сигналын төте таратуды көздейді. Жобаның ресми сайтында «Starlink» мақсаты ғалам тор қызметін «… жоғары жылдамдықты интернеті тұрақсыз, қымбат немесе мүлдем қол жетімсіз жерлерге жеткізу» деп көрсетілген.

2018 жылдың ақпан айынан бері компания жоба шеңберінде 482 интернетке арналған жер серігін орбитаға орналастырып үлгірді. Яғни ең алғашқы сынақ ретінде ұшырылған 2 жер серігін қоспағанда, «SpaceX» әр бір ұшырған зымыранымен 60 жер серігін ғарышқа жөнелтіп отырған.

Кейбір ақпарат көздері компанияның бір ретте 400 жер серігін бірден орбитаға жеткізетін «Starship»  деп аталатын алып ракета жасап жатқанын айтады. Егер бұл зымыран сәтті жасалса онда «Starlink» жобасының толыққанды жүзеге асуы едәуір жылдамдауы мүмкін.

Орбитаға орналастыруға дайын тұрған 60 жер серігі

Дей тұрғанмен Илон Маск қазіргі орбитадағы 482 жер серігімен-ақ ғарыштық интернет жобасын сынақтан өткізуді бастамақшы. Соңғы 60 жер серігі ұшырыла салып жобаның ресми сайтында азаматтардан сынаққа қатысуға өтінім қабылдау қызметі басталып кеткен. Дегенмен қазір бұл «бета тестілеу» қызметі тек солтүстік Америка тұрғындарына ғана арналған. Тест сәтті өтсе, қызмет жылдам етек алып, 2020 жылдың соңына дейін АҚШ, Канада тұрғындарына, сосын біртіндеп ғаламның басқа да жерлеріне ұсыныла бастайды.

АҚШ-тың Федералды байланыс комиссиясы мәліметі бойынша қазір елдегі ауылды жерлерде тұратын халықтың саны 14.5 миллион. Оларда кең жолақты интернет мүлдем қосылмаған. Үндіс тайпалары мекендейтін аймақтарда да интернет қызметі жоқ. Тіпті кең жолақты интернет қосылған өңірлердің өзінде бұл байланыс қызметін әлі де 100  миллионға жуық америкалық тұтына алмай отыр. Егер «Starlink» жобасы жүзеге асса алдымен пайдасы осы азаматтарға тиеді дейді компания өкілдері.

«Starlink» жобасы 2027 жылы толығымен аяқталады. Ол уақытқа дейін бұл қызмет Қазақстанға да келуі әбден мүмкін. Жоба бойынша интернет қызметі алдымен жоғары ендікте орналасқан аймақтарға ұсынылады. Содан кейін қызмет көрсету аумағы біртіндеп экваторға қарай кеңейеді. Қазақстан едәуір жоғары ендікте орналасқандықтан біздің елдің тұрғындары бұл қызметке ертерек қол жеткізуі мүмкін.

Болжам бойынша «Starlink» жобасына барлығы 10 миллиард АҚШ доллары жұмсалады, сондықтан оның қызметі тегін болмасы анық. Алайда оның бағасы қанша болатыны, қалай төлем қабылдайтыны әлі белгісіз.

Дайындаған – Әліпбай Б.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button