Борат пен Маск: FaceBook-ты өшіріңдер

Үстіміздегі жылдың ақпан айында Twitter-де қызу талқыға айналған бір қызықты пост жарияланды. 2006 жылы «Борат» фильмімен әлемге танылып және қазақстандықтардың ашуына тиген британдық актер Саша Коэн Twitter парақшасында FaceBook әлеуметтік желісіне қарсы пікір жазып оны үкімет басқаруына беру керектігін айтқан.

Жазбада былай делінеді:

«Біз 2,5 миллиард адамға арналған суды бір адамның басқаруына бермейміз.

Біз 2,5 миллиард адамға арналған электр қуатын бір адамның басқаруына бермейміз.

Неліктен біз 2,5 миллиард адам қарайтын ақпаратты 1 адамның басқаруына беруіміз керек?

Facebook-ті император емес үкіметтер басқаруы қажет!.»

Актердің бұл жазбасы дереу қолдауға ие болып, оны бөліскендердің саны он мыңнан асып кеткен.

Ең қызығы сол бұл жазбаның астына «SpaceX» және «Tesla» компаниясының басшысы Илон Маск Хэштегпен «Facebook-ті өшір, ол түкке тұрғысыз» деп пікір қалдырған. Илон Маскның «#DeleteFacebook» деген хэштегі де желіде көп адамнан қолдау тапты. Соңғы күндерге дейін желі қолданушылар арасында осы хэштегті қолданып Facebook-тың түрлі кемшіліктерін жазып, Марк Цукербергтің өзін де сынап жатқандар бар. Тіпті кейбір сайттар «Илон Маск Facebook-ты сатып алып оны өшіріп тастамақшы» деген жалған ақпарат та таратқан.

Журналисттер Facebook басшысы Марк Цукерберг пен Илон Маск арасындағы біраз кикілжің туралы білген. Естулерге қарағанда 2014 жылы Цукерберг өз командасымен бірге Жасанды интеллект туралы әңгімелесу үшін Илон Маскпен кездеседі. Цукерберг қарсы жағын қанша иландыруға тырысқанымен екі жақтың ЖИ туралы пікірі бір жерден шықпайды. Маск ЖИ қауіпті деп сенеді. Ал Цукерберг болса оның медицина мен басқа да салаларда адам өмірін жақсарту үшін мәні зор екенін айтады. Кейінгі бір Twitter жазбасында Маск «Facebook» басшысына көңілі толмаған сыңай танытып Цукербергтің жасанды интеллект туралы түсінігі «шектеулі» деген.

Арадағы араздықтың себебінен болса керек 2018 жылы Илон Маск «SpaceX» және «Tesla» компаниясының Facebook парақшаларын өшіртіп тастаған.  Ол тіпті өзінің Instagram аккаунтын да жауып тастады. Ара кідік Whatsapp мессенджеріне де қарсы шағын посттар жазып тұратын көрінеді. Ал бұл екі әлеуметтік желі де Цукерберг қарамағындағы «Facebook» компаниясына тиеселі өнімдер.

«Facebook» компаниясы желі қолданушылардың жеке бас ақпараттарының қолды болуына байланысты 2018 жылы АҚШ Сенатының сот комитеті компанияның жұмысына қатысты екі рет парламенттік тыңдау өткізді. Сенаттағы тыңдаулар компанияның халықаралық имиджіне едәуір нұқсан келтіргенімен оның қызметіне бәлендей ықпал етпеді. Соңғы жылдары «Facebook» Жасанды интеллект саласында зерттеулерін күшейткен. Сонымен қатар ол «Libra» атты блокчейндік сандық валюта жүйесін жасап шығаруды да қолға алған. Дегенмен компанияның бұл қадамдары көптеген қоғам қайраткерлерінің сынына ұшырап отыр. Мәселенің бәрі сол “Борат” айтқан ақпараттың монополиялануы және жеке деректердің қолды болу қауіпі.

Дайындаған – Әліпбай Б.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *