Жаңалықтар

Университеттер рейтингінің мәні бар ма?

Әлем бойынша ЖОО-лардың рейтингін жасайтын ондаған ұйым бар. Олардың ішіндегі танымалдары – «QS World University Ranking», «Times Higher Education World University Ranking», «Academic Rankings of World University». Соңғы кездері ЖОО-лардың бұл рейтингтердегі орны көп адамның қызығушылығын тудырып отыр. Еліміздің жоғарғы білім ордалары да өздерін осы тізімнің алдыңғы қатарынан көрсетіп қалуға тырысып келеді. Ендеше бұл тізімнің ЖОО-лар мен халық үшін қандай маңызы бар? Оның үстіне, әлгі ұйымдар университеттер рейтингін қаншалық бейтарап жүргізеді? Отандық білім ордаларына сол тізімдердің жоғарғы сатысынан көріну қаншалықты керек? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Алдымен ғаламтордағы әлем жұртшылығының бұл рейтингтер туралы пікірін байқайық.

Quora: Ағылшын тіліндегі сұрақ-жауап порталы. Бұнда түрлі тақырыптар бойынша сұрақтар қойылып, оларға әр саланың мамандары жауап беріп отырады.

Өзін бұрынғы оқытушы және үкімет қызметкері деп таныстырған F. Dennis Williams есімді азамат бұл рейтингтерге қатысты бір сұраққа былай деп жазған: «… Рейтингтердің басым көпшілігіне сенуге болмайды. Өйткені олар жемқорлыққа әдейі жол береді».

Ал білім саласындағы статистика маманы Otto Barret «Мен QS рейтингі туралы ғана айтайын. Адамдар оған тек бренд танымалдығын арттыру үшін жасалған рейтинг ретінде қарайды» дейді.

Жапониядағы Yahoo порталын қолданушылар да рейтингтердің тым сенімді емес екенін айтады. Ken есімді қолданушы былай жазыпты: «… бұндай рейтингтерді жалпылама бағытқа пайдалануға болар, бірақ олар толық сенімді ақпарат береді деп айта алмаймын.»

Ал Eichi атты блогер университеттер туралы жазған блогында былай дейді. «Менің ойымша, университеттердің дәл рейтингтері жоқ. Сондықтан бір университеттің 7-ші немесе 8-ші орынға жайғасуының еш мәні болмайды. Сол үшін оқуға түсерде университеттердің рейтингі қандай екеніне қарап белгілі бір университетті таңдауды ұсынбаймын. Сонымен қатар, университеттер жақсы студенттерді тарту үшін рейтингтерінің жоғары болуын қалайды. Ал кейбір елдер оларды иммиграциялық мақсаттарда әлеуметтік іріктеу тұрғысында пайдаланады.»

Quora-ға ұқсас қытай тілді Zhihu порталында да осындай пікірлер көп. Ең көп қолдау тапқан жауапты жазған Viktor есімді азаматтың пікірі бойынша, бұл рейтингтердің қарастыратын критерийлері әр түрлі. Олардың біреуіне сүйеніп, белгілі бір университеттің білім сапасына нақты баға беруге болмайды.

SeakingHiraishin атты қолданушы университеттер туралы мәліметтерді рейтинг компанияларының порталына университет мамандарының өздері жүктейді дейді. Содан кейін осы мәліметтерге негізделіп университеттің рейтингі анықталады. Оның ойынша, бұндай жағдайда университет рейтингін анықтауда ешқандай бейтарап көзқарас болмайды.

Халық пікірі өз алдына, ал білім саласындағы мамандар бұл жайлы не дейді?

Индонезия мен Малайзияның ғалымдары халықаралық ЖОО рейтингін жасаушы ұйымдардың жұмысын саралаған. Олар QS және CWUR ұйымдарының шығарған рейтингін алып салыстырады. Нәтижесінде түрлі университеттердің рейтингі екі тізімде бір бірімен мүлдем сәйкес келмейтініне көз жеткізген. Бұндай сәйкессіздік аймақтарға қарай әр түрлі болған. Мақала авторлары бұндай сәйкессіздіктің 3 аймағын айқындайды. Олар сәйкессіздік ең төмен Солтүстік Америка және Еуропа аймағы, орташа деңгейдегі сәйкессіздік байқалған Жапония және Оңтүстік Корея аймағы және сәйкессіздік деңгейі өте жоғары Азия-Тынық мұхит аймағы (Қытай, Малайзия, Индонезия ж. т. б. елдері). Яғни, жоғарыда аталған аймақтардағы университеттердің екі рейтингтегі сәйкессіздігі қанша төмен болса, университеттің рейтингі сонша сенімдірек болады деген сөз. Керісінше егер сәйкеспеушілік жоғары болса, онда бағалау кезінде пайдаланылған мәліметтер жарамсыз және дәл емес болуы мүмкін.

Сербия мен Италия зерттеушілері де QS бағалау критерийлерінің тұрақсыздығын алға тартады. Олардың пікірінше QS компаниясы композиттік индикаторлар құру үшін субъективті, тіпті сыңар жақты деректерді қолданады.

Мэриленд университетінің зерттеушісі Рейчел Брукс АҚШ тарихындағы рейтингтерді сараптай келе басқа зерттеушілердің университеттер рейтингіне берген бағасын алға тартады. «Бұндай рейтингтер бар болғаны «алып-қашпа әңгіме», «өсек» немесе «танымалдық сайыстары» ғана». Біріншіден, бұндай рейтингтердің бағалау критерийлері тым субъективті болса, екінші жағынан танымал университеттердің қарапайым кафедралары университеттің даңқы арқасында үнемі жоғары балл алып кетіп отырады. Мақалада тіпті импакт фактор мәселесі және жарияланған мақалалар саны туралы критерийлер де талқыланады. Автордың қорытындысы бойынша, бұл көрсеткіштер де ЖОО-лардағы білім сапасын нақты көрсете алмайды. Себебі шолу мақалаларын көбірек жазсаңыз, нақты жаңалық ашатын мақалалардан гөрі, көбірек импакт фактор жинай аласыз. Ал мақалалардың саны білім сапасынан гөрі, оқу орнының мақала жазудағы өнімділігін ғана көрсетеді дейді ол.

Кайченг Со «Әлемдік университет рейтингтерінің жеті күнәсі» деп аталатын еңбегінде ЖОО-лардың халықаралық рейтингін жасайтын ұйымдардың статистикалық мәліметтерді игерудегі 7 кемшілігін атап өтеді. Олар:

  • Мәліметің дәл берілмеуі
  • Параметрлерге берілген басымдықтардың алшақтығы
  • Параметрлердің балы бір-бірін толықтырады деген жаңсақтық
  • Параметрлердің бір-бірін қайталауы
  • Параметрлердің ішкі сәйкессіздіктері
  • Параметрлерге тағайындалған балдардың мәнсіздігі
  • Рейтингтегі орындардың өзгерінің шынайы жағдаймен сәйкессіздігі

Италиялық зерттеуші Хенк Моэдтің пікірінше, қазіргі рейтинг жүйелерінің бәрі әлі де бірөлшемді ғана болып келеді. Олар деректермен қоса, олардың үлгісін бақылайтын құралдар ұсынбайды. Есесіне, индикаторлардың соңғы нәтижелері мен өзара байланысы жоқ мәндерін ғана көрсетіп қояды. Яғни, рейтингтегі мәндер ешқандай талдауға тұралық емес. Тек бос мәндер ғана.

Қорыта айтар болсақ, халықаралық ЖОО рейтингтері халық арасында да, зерттеушілер арасында да көптеген сынға ұшырап отыр. Олар университеттердің бірден-бір бағалау көрсеткіші ретінде, тіпті, талапкерлерге университет (мамандық) таңдауда басшылыққа алатын ереже ретінде қарастыруға да ұсынылмайды. Бұл рейтингтер тек университеттердің өз имиджін көтеру үшін ғана пайдасы тиюі мүмкін.

Мақаланы дайындаған Б – Әліпбай.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button