ЮНИСЕФ: Пандемия кезіндегі мектепке оралу қалай жүзеге асырылады?

Ата-аналар пандемия кезінде мектептердің қайта ашылуы туралы не білуі керек.

302

ЮНИСЕФ балалардың мектепке қайта оралуына қатысты сұрақтарға жауап беріп, сәйкесті ережелерді ұсыныпты. Оны қазақ тіліне аударып сіздерге ұсынып отырмыз. Түп нұсқа мәтін мына жерде.

ЮНИСЕФ 2020, 3 маусым

COVID-19 пандемиясы кезеңіндегі тіршілік ата-аналарға да, балаларға да оңай тимеді. Балалардың мектепке қайта оралуы әлбетте, маңызды әрі қуанышты жаңалық болары сөзсіз. Бірақ ата-аналар мен балаларда көптеген сұрақ туындап отырған болар. Мектепке оралғанда не күтіп тұр және балаларға қалай қолдау көрсете аламыз? Оған осы жерден толық жауап аласыз.

Мектептер қашан және қандай жағдайда ашылады?

Мектепке оралған балалардың біртіндеп көбейіп келе жатқанына куә болып отырмыз. Бүкіл жерде мектептің жабылуына байланысты соңғы айларда 1 миллиардтан астам оқушы мектепке бармады. Қазір 70-тен астам ел мектептерінің ашылатыны туралы жариялады. Соңғы апталарда жүздеген миллион оқушы мектепке қайта келе бастаған. [2020 жылы маусым айының басында]

Жағдайдың күрделілігіне байланысты әлем елдері мектептерін қайта ашудың әр түрлі кезеңінде тұр. Мектептерді қайта ашу шешімдерін әдетте ұлттық немесе штаттық үкіметтер қабылдайды, бірақ жергілікті билік органдарымен келісіп шешім қабылдауы тиіс. Олар әлеуметтік денсаулық сақтау жағдайын, білім берудің қажеттілігі мен қауіптерін және басқа да факторларды ескеруі керек. Бұл шешімдер қолда бар ең ұтымды дәлелдерді ескере отырып, әр баланың мүддесін басты орынға қоя отырып қабылдануы керек. Бірақ бұл шешімдер әр мектептің жағдайына байланысты әр түрлі болуы мүмкін.

Балам мектепке барса, қауіп жоқ па?

Мектептер оқушыларға қауіпсіз болған кезде ғана ашылуы керек. Мектепке қайта оралу бұрынғы жағдайлардан біршама өзгеше болуы мүмкін. Яғни, біраз уақытқа қайта ашылып, жергілікті жағдайдың ушығуынан қайтадан уақытша жабылуы да мүмкін. Жағдайдың құбылуына байланысты билік икемді қимылдап, әр баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын болуы керек.

Сіздің аймағыңыздағы басшылар мектептерді қайта ашуға әлі шешім қабылдамаған болса да олар қазірдің өзінде қайта ашу туралы егжей-тегжейлі жоспарлай бастағаны дұрыс. Сөйтіп мектепке қайтып оралған оқушылардың, мұғалімдердің және басқа да қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Әрі ата-аналардың балаларын мектепке сенімді түрде жіберуіне себепкер болады.

МеМектеп COVID-19 вирусының таралуына тосқауыл қою үшін қандай сақтық шараларын орындау керек?

Мектептің қайта ашылуы әр елдің өз халқын COVID-19-дан қорғауға қарсы шараларына сәйкес жүргізілуі керек.

Мектептер мына практикалық шараларын атқаруы мүмкін:

Оқу күнінің басталуы мен аяқталу уақытын түрлендіру

Тамақтану уақытын түрлендіру

Сабақтарды уақытша орындарда немесе сыртта өткізу

Сыныптағы оқушы санын азайту үшін мектепті ауысымдарға бөлу.

Мектептердің қауіпсіз түрде қайта ашылуына су және гигиена құралдарының маңызы ерекше. Әкімшілер гигиеналық шараларды жақсартуды, соның ішінде қол жууды, тыныс алу әдебін (яғни, жөтел және шынтаққа түшкіру), әлеуметтік қашықтықты сақтау, тазарту шараларын және қауіпсіз ас дайындау әдістерін қарастыруы керек. Әкімшілік қызметкерлері мен мұғалімдер әлеуметтік қашықтық және мектептегі гигиена ережелеріне үйретілуі керек.

Балам мұғалімінен немесе мектеп әкімшісінен нені сұраған дұрыс?

Осындай қиын әрі күйзелісті уақытта көптеген сұрақтар туындауы әбден мүмкін. Сіз сұрағыңыз келетін кейбір пайдалы сұрақтар мыналар болуы керек:

  • Мектеп оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін не істеді?
  • Мектеп оқушылардың психикалық саулығын қалай қорғайды және вирус жұқтырған адамдарға қарсы стигмамен (шеттетумен) қалай күреседі?
  • Ерекше күтімді қажет ететін балаларға мектеп қандай мәміле жасайды?
  • Мектептің қауіпсіздік ережелері мен буллингке (күш көрсету) қарсы саясаттары мектеп қайта ашыла бастағанда өзгере ме?
  • Мектептегі қауіпсіздікті қалай қолдаймын? Соның ішінде ата-аналар комитеті немесе басқа желілер арқылы қалай қолдау көрсетемін?

Егер баламның оқу үлгерімі нашар болса не істеуім керек?

Бүкіл әлемде оқушылар өздерінің оқуды қаншалықты қалайтынын көрсетті. Олар қиын жағдайда мұғалімдерінің, ата-аналарының қолдауымен сабағын жалғастырды.

Бірақ көптеген бала мектептер қайтадан ашылған кезде оқуды жалғастыру үшін қосымша қолдауды қажет етеді.

Мектептер оқушыларды бұрынғы үлгеріміне жеткізу үшін дайындық сабақтарын жоспарлайды. Ол жоспарлар қайталау курстары немесе қосымша курстар, мектептен тыс бағдарламалар немесе үйде орындалатын қосымша тапсырмалар болуы мүмкін. Бірсыпыра мектептерде бір күндік сабақ мерзімі қысқаруы немесе сабақты сыныптардың барлығына бірдей өткізе алмауы мүмкін. Осы жағдайда мектептер «аралас оқыту» үлгілерін, яғни аудиториялық оқыту мен қашықтан оқытуды (үйде жаттығу, радио, теледидар немесе онлайн режимінде оқу арқылы) қолға алады.

Балаңыздың мектеп тапсырмасына қатысты күнделікті тәртіп қалыптастырып, үйде қосымша қолдау көрсетіңіз. Егер олар өздерін жайсыз сезінсе және толық зейін қоя алмаса, бұл көмектесе алады.

Балаңыздың мұғалімімен немесе мектебімен байланысып, түйткілді сұрақтарыңызды қойып, хабар алып отырғаныңыз жөн. Егер балаңыз отбасы мүшесінің қайтыс болуына байланысты қайғы немесе пандемиядан туындаған қатты уайым сияқты нақты қиындықтарға кезігіп жатса, мектепке немесе мұғаліміне хабарлаңыз.

Егер баламның «мектеп тәртібіне» қайта оралуы қиындаса, не істеуім керек?

Есіңізде болсын, балаңыз мына дағдарыстың әсеріне сізге қарағанда басқаша қарайды. Сондықтан оны қолдайтын және тәрбиелейтін орта қалыптастырыңыз. Балаларыңыздың өзіне беймәлім сұрақтарына және сезімдеріне оңтайлы жауап беріңіз. Қолдау көрсетіңіз. Олардың осындай жағдайда кейде ашулануы немесе уайымдауы қалыпты жағдай екенін түсіндіріңіз.

Балаларыңызға күнделікті тәртіпті сақтауға көмектесіңіз. Олардың оқуын күнделікті тамақ дайындау, отбасылық оқу уақыты немесе ойын сияқты жаттығулармен біріктіріп, қызықты ете біліңіз. Білгеніңізбен бөлісіп және қолдау көру үшін ата-аналар қауымдастығындағы осындай жағдайды бастан кешіп жатқан басқа ата-аналармен байланыс орнатыңыз. Ол да тағы бір шешім бола алады.


ЮНИСЕФ үкіметтерге осы шешімдерді қабылдауға көмектесу үшін жұмыс істейді. Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНЕСКО және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, мектептерді қайта ашуға қатысты жаңа нұсқаулықтарды араб, қытай, ағылшын, француз, португал және испан тілдерінде шығарамыз. Бұл нұсқаулықтар мектептер қайтадан ашылғанға дейін және одан кейін де оқушылардың, мұғалімдердің, басқа да қызметкерлердің және отбастарының қауіпсіздігін сақтау үшін керекті сұрақтарға жауап береді. Сондай-ақ, алда орындалуы тиіс жұмыстарды айқындайды

Аударып дайындаған – Әліпбай Б.

Жауап жазу

Көмментарияны енгізіңіз
Мұнда атыңызды жазыңыз