
Learning Theories: An Educational Perspective

Бұл кітап АҚШ-тың Пиерсон баспасы шығарған таңдаулы оқулықтарының бірі. Соңғы жылдары күн санап жаңарған психология мен неврологиялық және басқа да қатысты ғылым салаларының жетістіктерін есепке ала отырып жазылған бұл кітап оқыту теорияларының аса кемелді әрі бір ізге түсірілген жинағы.
Кітаптың алғы сөзінде айтылғандай, бұл оқулықтың жалпы мазмұны таным төңірегінде өрбиді. Атап айтар болсақ таным процесіне қатысты барлық теориялар мен білімдер, яғни орталық жүйке жүйесінің құрылымы, олардың қызметтері, ақпаратты өңдеу теориясы: кодтау мен сақтау, ақпаратты еске түсіру және ұмыту, сонымен қатар бихевиоризм, әлеуметтік таным теориясы, конструктивизм, мотивация қатарлы түйіндер қамтылған.
Бұл оқулықтың артықшылығы сол, оның әрбір тарауы алдын ала ойластырылған тәртіппен, оқып үйренуге ғылыми тұрғыда тиімді етіп құрастырылған. Мысалы, оқулық алдымен структурализм, функционализм сияқты ертеректегі танымал, бірақ ескірген теорияларды таныстырып, олардың кемшіл тұстары туралы ескерте кетеді. Содан кейін мазмұн ми құрылымын түсіндіруге көшіп, орталық жүйке жүйенің әрбір бөлігі және олардың таным процесінде атқаратын қызметтері туралы толық ақпарат беріп өтеді. Бұдан ары оқулық біртіндеп соңғы жылдары қалыптасқан ғылыми теорияларға қарай ойысып, бихевиоризм, әлеуметтік таным теориясы сынды маңызды теорияларды талқылайды. Орталық жүйке жүйесінің ақпаратты қабылдау, кодтау, сақтау және еске түсіру мен ұмыту туралы ғылыми пайымдар кезекті жалғасын тауып, ары қарай когнитивтік оқу процесі, конструктивизм секілді теориялар мен эпистемологиялар ұсынылады. Сонымен қатар, оқулық мотивация, адамның өз үйрену процестерін бақылауы және сыртқы орта мен адамдардың оқу процесіне қалай әсер ететіні туралы да тереңірек сөз қозғайды.
Тараулардағы берілген оқыту теориялары мен концепциялары қысқа әрі ұғымды етіп жеткізілген. Мысалы ақпаратты кодтау мен сақтау туралы тарауды алып айтайық. Бұл тараудағы білім түйіндерінің барлығы алдыңғы тарауларда айтылған теориялар мен концепциялар негізінде өрбіп, ақпаратты қабылдау органдарының қызметін, олардың ақпаратты тасымалдауы, сонымен қатар ақпаратты уақытша сақтау, оны кодтау және сақтау процесіне қатысты ми қызметтері анық түсіндіреді. Және осы қызметтерді зерттеуде қалыптасқан білім қорын анық әрі жеңіл тілмен жеткізіп, оқырманның қабылдауына жеңіл етіп дайындайды. Оқу процесіндегі ақпаратты қабылдау, сақтау және еске түсіру жолдары қалай жүзеге асатыны туралы толық қанды түсінік береді.
Сонымен бірге, әрбір тараудың соңында сол тарауда айтылған теориялар мен концепциялардың практикада (оқу мен үйренуде) қолданылуы туралы да түсіндіріледі.
Қорыта айтқанда бұл оқу теориясы туралы терең әрі кемелді баяндайтын кесек туынды деп айтуға болады. Кез келген оқу орны, әсіресе педагогика мамандарын дайындайтын білім ордалары бұл оқулықты өз кітапханаларының бірінші сөресіне қоюы керек деп сенеміз.
Педагогика саласының докторанты әрі болашақ білім маманы ретінде біз бұл оқулықты негізгі оқулықтарымыздың бірі ретінде оқыдық. Өткен жылы осы оқулықтың қазақ тіліне аударылғанын көріп қатты қуандық. Қазақстанның барлық педагогтары бұл оқулықты жатқа білсе де артық болмас еді.
Шолу жазған – Оңтүстік калифорния университеті педагогика докторанты Әліпбай Бибол