Емдік қуат: Медицина және Сталин дәуіріндегі Орта Азиядағы империялық саясат

    98

    Curative Power: Medicine and Empire in Stalin’s Central Asia

    Curative Power: Medicine and Empire in Stalin’s Central Asia
    Category:
    Авторы:
    Published: 2003

    «Емдік қуат: Медицина және Сталин дәуіріндегі Орта Азиядағы империялық саясат» атты кітап Сталин дәуіріндегі Совет одағының Қазақстанды одақтың медициналық жүйесіне қалай кіріктіргені туралы баяндайды. Жалпы айтқанда бұл кітаптың мазмұны тым терең де емес, бірақ кезкелген академиялық кітапқа қойылатын бір сұрақ болады, яғни бұл кітаптың маңыздылығы неде? Бұндай сұрақ қоя білу кітаптың мазмұнын білуден, келтірілген мысалдарды түсінуден де маңыздырақ.

    Кітаптың мазмұнына келер болсақ, ол негізінде мемлекет пен жеке адамдардың байланысын зерттейді. Автор Совет одағының мемлекет ретінде құрылуы, оның қалыптасып өмір сүруі жайлы айта келіп, бұл мемлекеттің құрылуы бір күнде болған жоқ дегенді баса айтады. Совет одағының құрылуы ұзақ процесс болды. Ал осы ұзақ процесте Қазақстанның жағдайы да өте күрделі өзгерістерге ұшырады.

    Марксистік идеологияның мемлекет туралы ұғымы бойынша жұмысшы тап мемлекетте негізгі орында, бірақ қазақ даласында жұмысшы тап қалыптаспаған болатын. Сонымен қатар халықтың басым бөлігі орыс тілін білмейтін. Ал бұндай халықты Советтік мемлекет жүйесіне қалай кіріктіруге болады деген сұрақ тұрды. Басқаша айтқанда, қазақтарға мемлекеттің бар екенін, жұмыс істеп тұрғанын қалай сездіруге болады деген сұрақ тұрды.

    Біз бұнда екі түрлі мемлекет ұғымын ажыратып алуымыз керек. Алдымен империя туралы айтар болсақ. Империя әдетте колониялардың жергілікті идеологиясына, бағынышты халықтың ой-санасына араласпайды. Олар қай тілде сөйлесе де, қалай ойласа да мейлі, тек отаршы билікті мойындаса, үкіметке бағынса болғаны. Ал ұлттық мемлекетке келер болсақ. Адамзат ұлттық мемлекет құра бастаған кезден бастап  мемлекеттің кезкелген адамды, әсіресе адамдардың жеке басын басқару міндеті күн тәртібіне енді. Бұл әрқандай ұлттық мемлекеттің мақсаты әрі міндеті. Мысалы, ұлттық мемлекет неге елдің әр азаматына паспорт береді? Неге барлық жерде азаматтық тіркеуге тұрғызады? Бұл сұрақтардың жауабын осы кітаптан табуға болады. Негізі мемлекеттік басқару дегеніміз мемлекеттік биліктің әр азаматтың жеке басын тікелей басқаруы болып табылады.

    Қазақ даласында ежелден қалыптасқан басқару жүйесі болды. Мысалы молда мен бақсының ауруларды емдеудегі рөлі жоғары болды. Олардың беделі мен абыройы жергілікті жерлерде өте жоғары еді. Ал Совет одағының медициналық оқу орындарын ашып, дәрігерлер дайындап ауылдарға жіберуі жергілікті билік жүйесін әлсіретуде маңызды рөл атқарды. Сонымен қатар, билік мемлекет күшімен түрлі ақпарат тарату арқылы молда мен бақсыларды надан етіп көрсетті. Біртіндеп халықты бұрыннан сенетін сенімдерінен айнытып, жаңа мәдениетке бейімдеді. Осы барыста орысша тәрбиеленген дәрігерлер өте зор үлес қосты.

    Тарихи-социологиялық тұрғыдан орыс билігінің орнығуы қазақстанға «заманауилықты» алып келді десек те, автор бұл жағдай бұндай қарапайым емес дегенді айтады. Автор бұл үдерістің артында жоғарыда айтылған медициналық реформа сияқты бір қатар күрделі мәдени, саяси әрекеттер жүргені туралы сөз қозғайды. Бұл жерде автор бір мәселені алға тартады, яғни Совет одағын империяға санауға болады, өйткені көптеген империялар да Совет одағы сияқты түрлі мәдени-әлеуметтік саясаттар қолданған. Ал егер Совет одағы империя болса, онда оның тарихына басқаша көзқараспен қарап, басқаша талдау жасауға тура келеді. Автор Совет одағына жаңаша талдаулар жүргізеді. Бұны бірнеше мысалдардан біле аламыз. Яғни, көптеген қазақтар орысшаны меңгерген болса да, орыстар оларға жат жұрт ретінде қарады. Яғни, ұлттық мемлекет сияқты, бір тілде сөйлеген түрлі қауымдарды бір ұлт ретінде қараудан бас тартты. Сондықтан да  империялық көзқараспен қарап,  оған жаңаша талдау жасасақ Совет одағының неге бөлшектеніп кетуін де түсіну қиын болмайды.

    90-шы жылдары Америка ғалымдары совет одағының құлауына таңданыспен қарады. Ешкім оны болжай алмаған еді. Совет одағын империялық көзқараспен зерттеу сол кезден бастау алады. Бұл зерттеулер қазірге дейін жалғасып келеді. Автор Совет одағы тек қана орыстың мемлекеті емес, бүкіл ұлттардың ортақ жады болды дегенді айтады.

    1980-ші жылдардан бастап тарихи ревизиониизмді қолдаушылар жаңа бір пікір айта бастады. Яғни Сталиннің жүргізген қатыгез саясатының себебі оның билігінің тым қуатты болуынан емес, керісінше оның билігінің тым шектеулі болғандығынан. Совет одағы өз билігін қазақ ауылдарына жүргізе алмады, коммунизмнің ауылдарда ешқандай беделі болған жоқ.  Осының себебінен Сталин түрлі лагерлер салып саяси тұтқындарды жазалау сияқты радикалды саясаттарды бастады. Осылайша халықты көптеген ықпалды тұлғалардан айырып, мемлекет халыққа тікелей билік жүргізе алатын жағдай жасады.

    Бұл кітап 1930-шы жылдарда ауылдардағы қарапайым қазақтар мен мемлекеттік биліктің байланысына талдаулар жасай отырып бізге жаңаша ой салады. Мемлекет пен қарапайым адамдардың байланысы жайлы ойланар болсақ, Тәуелсіз Қазақстанның егемендігі де бір күнде қалыптаспағанын байқаймыз. Тіпті бұл үдеріс бүгінге дейін жалғасып келе жатыр деуге де болады. Тіпті Қазақстанның барлық азаматтары түгел қазақ тілін білсе де, немесе барлығы қазақ ұлты болып кетсе де, Қазақстан ұлттық мемлекет ретінде бірден қалыптасып кетпейді. Оған мемлекеттік биліктің әр азаматқа деген тікелей ықпалы толық сезілгенде ғана қол жеткізуге болады.

    Мемлекеттік билік ауылдар мен аймақтарға қалай кірігіп, азаматтар арасында мемлекеттің беделі мен орнын қалай сезіндіре алады? Бұл мәселені кез келген ұлттық мемлекет ойлануы керек. Мемлекеттің қалыптасуы, дәлірек айтқанда идеологиялық тұрғыдан қалыптасуы, мемлекеттік биліктің адамдардың жеке басын басқарумен, меңгерумен қалыптасады. Бұл — өнер.

    Қазақстанның ұлттық мемлекет ретінде қалыптасуын мысалға алып айтар болсақ, кейбір формальді нәрселерді жеңілдетуге бола ма? Ал мемлекеттік биліктің беделін қалыптастыратын тілдің қолданысы және тағы басқа да мәселелерге келгенде мемлекеттік билік халыққа өзін сезіндіре ала ма? Жергілікті жерлердегі ақпаратты толық меңгеру мен басқару да ұлттық мемлекеттіліктің бір бөлігі.

    Осыларды түсіну біздің бүгінгі таңдағы мемлекеттерді түсінуімізге, Қазақстанды түсінуімізге көп көмектеседі.


    Шолу жазған – АҚШ Бингемтон университеті тарих факультетінің PhD докторанты Айдос Амантай

    Жауап жазу

    Көмментарияны енгізіңіз

    Бағалаңыз

    Мұнда атыңызды жазыңыз